Зеренді ауданына қарасты Қызылтаң ауылында бокстан аймақтық турнир өтті

Спорттық шараға 40-тан астам балғын боксшы қатысты. Олар 14 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бағытталған шараның басты қонағы  бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов болды.

Жарыс өте тартысты басталды. Алғашқы жұпта Қызылтаңның қос боксшысы жұдырық түйістірді.

Жастардың жеңіске деген құштарлығы көңіл қуантады. Жалпы Қызылтаң ауылындағы бокс мектебі 1986 жылы құрылған. Міне, содан бері шағын ауыл 300-ден астам боксшыны түлеткен.

Шараның басты қонағы Теміртас Жүсіпов те болашақ чемпиондардың өнеріне жақсы баға берді. Сондай-ақ, әлемдік жеңіс тұғырларының барлығы осындай ауылдың баспалдағынан басталатынын атап өтті.

Қазақтың атын әлемге танытып, көк туды көкте желбіреткен Теміртас Жүсіповке қызылтаңдықтар ерекше құрмет көрсетті. Қазақтың салтымен иығына шапан жауып, естелік кәде сый табыстады. Ал, чемпион өз кезегінде жеңіс тұғырына көтерілген балғындарды марапаттап, сәт-сапар тілеп тарқасты.

Яндекс.Метрика