Өңірде медициналық нысандар саны артып келеді. Әсіресе, ауыл-аймақтада көптеп салынуда. Мәселен, осы жылы Қосшы қаласы мен Софиевка ауылында жаңа емхана бой көтерген. Енді осы тізімге Жақсы ауданына қарасты Лозовое ауылында ашылған медициналық нысан қосылды. Медициналық пункт Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылып, пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Алмагүл Қадыралина және ауыл тұрғындары қатысты. Медициналық нысан жеке кәсіпкер есебінен салынған. Осы ауылдың тумасы Серік Жүнісов тәуелсіздік тойы қарсаңында ауылға осындай тарту жасап, жерлестерінің көңілін көтеріп тастады.
Лозовое ауылында шамамен 700-ге жуық тұрғын тұрады. Соның 577-і ауылдық емханаға тіркелген. Олар осы уақытқа дейін тозығы жеткен, сыры кеткен ауылдық медициналық орталыққа жүгініп келген. Енді тұрғындар заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа емханада ем алады.
Иә, медицина саласына мемлекет тарапынан қолдау зор. Пандемия тұсында ол қолдау тіпті еселене түсті. Осы жылы жергілікті ауруханалардың техникалық базасын нығайтуға қазынадан 2 млрд.теңге бағытталған. Ал, алдағы жылы тағы екі медициналық нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.