Облыста соңғы 3 жылда 22 мың басқа арналған 386 ферма ашылды. Биыл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы аясында Аршалы, Бурабай және Зеренді аудандарында 4 сүт-тауарлы фермасын жаңадан құру мәселесі қарастырылған еді. Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында жұмыс істеп тұрған фермалардың қуатын арттыру жұмыстары табысты жүзеге асырылғаны айтылды.
Өңірде етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту бойынша Қоғамдық кеңестің отырысында сараланды. Биылдың өзінде аймақта 5 714 басты қамтитын 109 ферма ашылған.
Облыстық мәслихаттың депутаты, ерейментаулық Бекім Әкімов жүн және тері өңдеу өндірісін өнеркәсіптік, кәсіптік негізде дамыту тоқырап тұрғанын алға тартты. Соның салдарынан шаруалардың малды арзан бағаға өткізуге мәжбүр екенін айтты. Яғни, мал шаруашылығын дамытудан көретін пайданың мардымсыз, шығыннан арылмайтыны анықталды. Осы орайда өзекті мәселелерді министрлік деңгейінде көтеріп, мәселені шешуге әрекет етуге шақырды.
Сүтті мал шаруашылығына келсек, облыста жалпы саны 14 мың бас болатын 56 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді, олар жылына 100 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Алайда, өндірістің жалпы көлеміндегі ұйымдасқан шаруашылықтардың үлесі бар болғаны 25 процентті құрайды. Осыған байланысты, өнімнің тиісті сапасын қамтамасыз ете алатын мамандандырылған сүт-тауарлы фермаларын құру қажет. Соңғы үш жылда сүт-тауарлы фермаларын құру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде облыста 2,4 мың бас малға арналған 22 сүт-тауарлы фермаларының қуаты кеңейтілді.