Облыс инвестициясының 15 проценті Степногорск қаласының үлесінде

Бүгінде шаһарға тартылған инвестиция көлемі 58 млрд. теңгеге жеткен. Алтынды өлке тау-кен өндірісін жандандырып жатыр.Биыл қаладағы орташа жалақы 18 процентке өсіп, 219 мың теңгеге жеткен. Нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген.

Елді жайлаған індет бірқатар салаға кері әсер етті. Әсіресе, ірі компаниялардың қолын жіпсіз байлады. Пандемияның салқыны былтыр Степногорск қаласындағы алтын зауыттарына да тиді. Өнім көлемі құлдырады. Бірақ, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Оған Ақсу кентінде салынған қымбат металл өндіретін жаңа фабриканың ашылуы себеп болған. Алып кәсіпорын жылына 5 млн.тонна шикізатты қайта өңдеп, 1 тонна алтын шығаруға қауқарлы. Инвестициялық жоба қала экономикасына оң  серпіліс берді.

Сонымен қатар, қалада бизнес субьектілерінің саны артты. Бүгінде 3 мыңнан астам бизнес нысаны тіркелген. Яғни, кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 90 процентке дейін өсті. Бұл шамамен 284 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, бұған дейін шағын шаһардағы спорт мектебінде орын алған жағдай қалың қарашаны жаға ұстатты. Әлімжеттік жасап, төменгі сыныптың ұлдарын сабап жатқан видео әлеуметтік желілерде желдей ескен еді. Қоғамды дүрліктірген мәселенің мән-жайын әкімнен сұрап-білдік.

Қаладағы құрылыс та қарқынды. Жыл соңына дейін 45 отбасы қоныс тойын тойламақ ниетте. Баспаналы болатындардың дені әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар екенін атап өткен жөн.

Яндекс.Метрика