Бүгін Қосшы қаласы әкімдігінің “Тілдерді оқыту орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қазақ тілін еркін форматта үйрететін “Мәртебе” клубының алғашқы кездесуі өтті. Кездесуге мектеп жасынан бастап зейнеттегі қарияларға дейін әртүрлі жастағы қала тұрғындары мен жапон, өзбек, орыс ұлтының өкілдері келді. Бәрінің ортақ мақсаты — қазақ тілінде еркін әрі сауатты тілдесуді үйрену.
Іс-шараға Қосшы қаласы әкімдігінің “Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі” ММ бас маманы мен Тілдерді оқыту орталығының басшысы да қатысып, тіл үйренушілерге қолдау көрсетіп отырды.
Клуб жүргізушісі — Сымбат Бауыржанқызы Куандыкова. Кездесу барысында қатысушылар сәлемдесу түрлерімен танысып, өзара диалог құрып, сызба бойынша өздері туралы ақпарат айтып үйренді.
“Өрмекші торы” әдісі арқылы бір-біріне жылы сөздер мен тілектер айтып, достық қарым-қатыным орнатты. Кездесу соңында “өзіңді таны” психологиялық тестілеуінен өтіп, “Мәртебе” клубының алғашқы кездесуін жақсы көңіл-күймен аяқтады.