Атбасарлық 25 дәрігер баспаналы болды

Жаңа пәтер алғандардың медицина қызметкерлерінің дені жас мамандар. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев салтанатты шараға арнайы қатысып, пәтер кілтін өзі табыстады. Бұдан бөлек, өңір басшысы аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты.

Баспаналы болған ақ халаттының бірі  — Сергей Винокуров. Ол аудандық ауруханада терапевт болып жұмыс істейді. Қызметке осы жылы кірісіпті. Отбасылы дәрігер осы уақытқа дейін пәтерден-пәтерге көшіп, табан тоздырғанын айтады. Облыс әкімі дәрігерге пәтер кілтін табыстап, баспанасына арнайы кірді. Қазақы салтпен үйдің көрімдігінде берді.

Ақмола облысында 7 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Соның 300-ден астамы дәл осы Атбасар ауданында тер төгуде. Соңғы 3 жылда жергілікті медицина саласына тартылған инвестиция көлемі 3 есеге өсіп, бүгінде 20 млрд.теңгеге жеткен. Сондай-ақ, өңірдегі кадр тапшылығы да біртіндеп шешімін тауып келеді.

Сонымен қатар, облыс әкімі Полтава ауылындағы білім ошағына да бар. Аталмыш мектеп осы жылы «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Жоба құны 186 млн.теңге. Бүгінде нысан пайдалануға берілген. Десе де, құрылыс жұмыстары көңіл көншітпейді. Ермек Боранбайұлы мердігер компанияның жұмысын қатаң сыңға алды.

Қазіргі таңда мектепте 126 бала оқиды. Ал, білім ошағы 400 орынға шақталған. Сол себепті оқушылар бір ауысымда білім алады.

Мейрам қарсаңында Шуйское ауылында жаңа спорттық нысан ашылды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған кешеннің ашылуына облыс әкімі де  қатысты. Спорт нысаны жергілікті кәсіпкер есебінен салынған.

Сапар соңында өңір басшысы Шуйское ауылындағы су құбырларын тексерді. Осы жылы ауылдағы 19 шақырымдық су құбыры жаңартылған. Оған қазынадан 668 млн.теңге бөлініпті. Ал, ауылдағы «Шуйское» серіктестігі асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мұнда 700-ден астам ірі қара бар. Алдағы уақытта серіктестік жетекшісі мал басын мыңға жеткізіп, ет пен сүт өнімдерін молайтуды қолға алмақ.

Яндекс.Метрика