Аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Жыл санап спорт кешендерінің саны артып келеді. Қазіргі таңда тек облыс, аудан орталықтарында ғана емес ауыл-аймақтарда да сауықтыру кешендері көптеп салынуда. Осы жылдың өзінде өңірдегі спорт кешендерінің саны 39 нысанмен толықты.
Қазіргі таңда облыс бойынша 2521 спорт кешені бар. Сәйкесінше, спортпен шұғылданатын адам саны да артқан. Бүгінде облыс тұрғындарының 30 проценті салауатты өмір салтын ұстанады. Сондай-ақ, спорт нысандарының құрылысыда қарқын алған.
Заманауи тағы бір кешен Ерейментау ауданында бой көтеруде. Аталмыш нысан осы жылы ел игілігіне берілуі керек еді. Бірақ құрылыс мерзімінен кешігуде. Ал, Жақсы ауданындағы сауықтыру орталығының құрылысы осы жылы басталды. Жоба құны 855 млн.теңге. Жалпы аудандағы спорт саласы жақсы жолға қойылған.
Сонымен қатар, аймақта балаларды тегін спорт секциялармен қамтуда көзделген. Бұл туралы осы жылды қорытындылаған өңір басшысы Ермек Маржықпаев атап өтті. Яғни, алдағы уақытта 4 мыңға жуық жас өрен тегін спорт үйірмелеріне қатысады деп жоспарланып отыр.