«Қазақстан халқына» қоры Ақмола облысының Қатаркөл ауылындағы Досов атындағы орта мектепті қажетті материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз етті. Орта мектеп қордың «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасына қатысушы 17 тірек мектептің алғашқысы.
17 тірек мектепті жабдықтауға «Қазақстан халқына» қорынан 4,25 млрд теңге бөлінген. Еліміздің 17 өңірінде НЗМ оқыту әдістемесі бойынша ауылдық тірек мектептер жабдықталып, олардың әрқайсысын жарақтандыруға 250 млн теңгеден бағытталады. Жобаны іске асыру ауыл оқушыларына өздері тұратын жерде сапалы білім алуға, сондай-ақ білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді.
12 қыркүйекте осындай тірек мектептердің бірінің тұсаукесеріне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Beeline Қазақстан» бас атқарушы директоры Евгений Настрадин, «НЗМ» ДББҰ басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова, Білім беруді тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы, Aitas холдингінің басшысы Серік Толықпаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов және БАҚ өкілдері қатысты.
«16 қыркүйекте «Қазақстан халқына» қоры ұлттық қайырымдылықтың І конференциясының қорытынды отырысын өткізеді. Осы конференция аясында біз 1173 ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен 43 zoom-конференция өткіздік. Барлық өңірде 20 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған 3000 азамат қатысты. Қор бағдарламасының тұжырымдамасын, проспектісін және азаматтық қоғамның ұсыныстарын талқыладық. Дөңгелек үстелдерде айтылған маңызды бағыттардың бірі – ауыл білімін дамыту. Ауылдық білім беруді қолдау қажет дегенде, ең алдымен, тірек мектептерді көтеру керек. Бұл туралы «Білім туралы» заңында да айтылған. Бұл мектептер жақын маңдағы ауыл мектептері үшін демеу болуға тиіс. Қазір халықтың жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауыл оқушылары қаладағы құрдастары секілді мүмкіндіктерге ие болуы керек», – деп атап өтті Болат Жәмішев.
Айта кетейік, өткен жылы Ақмола облысының әкімдігі мектепке 354 млн.теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.
Ақмола жерінде жобаны жүзеге асырғаны үшін алғыс білдіре отырып, өңір әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов лайықты білім алу үшін қолайлы жағдайдың маңыздылығын атап өтті.
“Бүгін біз “Қазақстан халқына” Қоғамдық Қоры жүзеге асырып жатқан “Ауыл мектебі”қайырымдылық білім беру жобасын жүзеге асыру үшін жиналып отырмыз. 17 ауыл мектебінен жоба біздің облысымыздан басталғанына қуаныштымыз. Жобаны іске асыру Қатаркөл ауылының оқушыларына сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Жобаның арқасында 356 ауыл баласы білім алып жатқан мектеп материалдық-техникалық базаны нығайтуға тамаша мүмкіндік алды”, – деді Елдос Рамазанов.
«Біз қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ең маңыздысы – тірек мектептерді құру және дамыту жөніндегі жобада озық білім беру әлеуеті бар НЗМ ресурстарын да пайдаланатын боламыз. Осылайша, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелер енгізілетін болады», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.