Четверг, 19 апреля 2018 09:11

Чемпиондар ауылдан шығады

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(1 Голосовать)

Көкшетау қаласының іргесіндегі Ақкөл ауылында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары аудандарынан келген жүзге тарта бозкілем шеберлері өзара сайысқа түсіп, күрес өнерінің көрігін қыздырды. Бұл додалы жарыс – Зеренді аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің жарты ғасырлық тойы мен спорттың осы бір түрінен республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері,  жас бапкер, марқұм Талғат Ғазизовты еске түсіруге арналды.

Ол өзінің қысқа ғұмырында спорттың талай белестерін бағындырды. Алғашқы жаттықтырушысы Марат Жармағамбетовтен тәлім алып, Қызылтудың күрес мектебінен түлеп ұшқан Талғат Ғазизов алдымен Амангелді ауылында бозкілем әліппесін үйренді. Кейін Қарағанды қаласындағы «Дене шынықтару және спорт» техникумына оқуға қабылданды. Осы жылдары талантты жігіт іргелі жарыстарға қатысып, ел намысын абыроймен қорғаған еді.

Оқуды бітіріп келгесін Қызылту ауданына қарасты Өндіріс ауылында бүлдіршіндерді күреске үйретті. Бапкер болып жүрген кезінде бір отбасы мен туыстарына пышақ жұмсаған қарақшыдан адамдарды қорғаймын деп араша түскенде мерт болған-ды. Оның бар саналы ғұмыры спорт пен адамдарға жанашырлық жасауға арналды. Бұл шараның негізгі арқауы да – елім деп өткен ер ұланға тағзым ету еді.

Ақкөл ауылындағы бұл жарысты ұйымдастыруға бастама көтерген де оның алғашқы ұстазы Марат Жармағамбетов пен жерлесі, күрестен Азияның қола жүлдегері, республиканың бірнеше дүркін чемпионы Нұрбек Қаржанов. Ал, Талғаттың досы әлем біріншілігінің қатысушысы, республика және халықаралық жарыстардың чемпионы, белгілі балуан Бауыржан Мәдимұхамедов онға тарта команда қатысқан турнирдің басты демеушісі болды.

Кішкентай ғана ауылдың шағын кілемінде жүздеген бала белдесіп, өзара күш сынасқандарын көріп, қуандық. Алыптар да ауылдан шықпаушы ма еді. Екі облыстың шалғай ауылдарынан келген жас балуандардың көзінен от байқағандай болдық. Шаң қауып, жеңілістің дәмін татқандар да жанарларына жас алып, намыстан жылағаны көп ойға жетеледі.

Осы арада атақты Қажымұқан бабамыздың Омбының циркінде алғаш күрескен сәті еске түсті. Үлкен кілемге жол ашқан сол күресі талай адамды таңқалдырып еді. Бәлкім, Ақкөлдің де аядай ғана бозкілемі талай дарындарды тәрбиелемесіне кім кепіл.

Біз жарыс барысында осы Ақкөлде балаларды белдесу өнеріне баулып жүрген Нұрбек Қаржановты сөзге тартқанымызда, ол: «Осыдан біраз жыл бұрын бұл өңірде күрестің не екенін білмейтін еді. Алғаш күрес үйірмесі ашылғалы ауыл балаларының ықыласы артып, бақтары да жанды, Қазір аудан мен облысты былай қойып, республикада осы ауылдың балуандарын таниды да, мойындайды.

Мысалы, Нұртілеу Көкенов пен Бақтияр Әбуовтар ел біріншілігіне үзбей қатысып келеді. Ауыл балалары арасындағы жарыста биік нәтиже көрсетті. Ал, Арулан Мұхаметәли және Ерсін Абылқасымовтар  республикалық турнирлерді бірнеше рет ұтып алды. Жақында бұл екеуі Ресейдің Саха республикасында Олимпиада чемпионы Павел Пенигин жүлдесі үшін өткен турнирге қатысып қайтты» деп ой бөлісті.

Демек, шағын ғана Ақкөл ауылында осындай алқалы турнирдің өтіп жатқаны тегін емес екен. Себебі, бұл ауыл балаларының шыңдалу ошағына айналады. Осындай жарыстарға қатысып, шыңдалмаған жас балуан іргелі сайыстарда топ жара алмасы анық.

Маған Қызылтудың сонау Ахметжан Қазымбетовтен бастау алған қарымды күрес өнері Зеренді өңіріне ауған ба деген ой келді. Шынында да, Зеренді ұлылардың киелі мекені. «Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, бұл өлкеден қарымы мықты балуандар шығатынына сенім мол. Бүгінгі жарыс сол биіктің алғашқы баспалдағы іспеттес.

Жалпы, он салмақ дәрежесінде өткен жарыста әр өңірден келген балуандар қанжығаларына жүлде салды десек қателеспейміз. Сондықтан оларды бөліп-жарып, жер-жерге бөлудің қажеті болмасы анық. Себебі, олардың бәрі өз қаракөздеріміз, қазақтың қара сирақ балалары. Олай болса, Аслан Қоянбаев, Арулан Мұхаметәли, Ерсін Абылқасымов, Нұртілеу Көкенов және тағы басқа топ жарған балуандарға алдағы жарыстарда мол олжа салып, Олимпиада биігін бағындырсын деген тілегімізді жолдаймыз. Жүлде алған бірде-бір спортшы марапатсыз қалған жоқ. Оларға арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Біз осы жарыстың құрметті қонағы ретінде Талғаттың жары Марал Балтабекқызын да жолықтырдық.  Күрестің  мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен Талған Ғазизовтай арыс азаматтар көп болғай деп ақ тілегімізді жолдадық.

Бақыт Смағұл

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 479 раз