Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Шучинск қаласындағы «Жақсы-2» спорт базасында бокстан әйелдер арасындағы ел чемпионаты жалауын көтерді. Осынау жауапты жарыс 2022 жылы өтетін әлем, Азия чемпионаттарының және бірнеше халықаралық турнирлерге қатысатын үміткерлерді анықтайтын болады.
Сап түзеп ортаға шыққан нәзік жанды боксшылардың осалы жоқ. Олардың барлығы да Бурабай баурайында өтетін байрақты бәсекеге сақадай сай дайындықпен келіп, ауылына жүлде алып қайтудан үмітті.
54 келі салмақта чемпионат шымылдығын ашқан Нұр-сұлтан қаласының боксшысы Гүлдана Ибрахимғабидолла мен павлодарлық Әдия Азылбекова әйелдер арасындағы байрақты бәсекеге тұңғыш рет қатысып отыр. Жүректің дірілдеп, тізенің қалтырары заңды құбылыс. Алайда, қос бұрымды боксшы 3 раунд бойы әдемі ойын өрнегін көрсетті. Ұпай санымен Елорда спортшысы жеңіске жетті.
Бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ең мықты деген спортшыларды таңдап ел құрамасының сапына қабылдайды. Айта кету керек, боксшы арулар арасындағы бәсекелестік басым. Әр өңірдің өз мықтылары бар. Осы орайда Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков өз ойымен бөлісті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының алғашқы күні шаршы алаңға 23 жұп шықты. Ақмолалық ару 81ден жоғары салмақта сынға түскен Валерия Аксенова қызылордалық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, келесі кездесулерге жолдама алды. Өкінішке орай, 81 келіде бокстасқан спорт шебері көкшетаулық Мөлдір Базарбаев қостанайлық қарсыласынан ұтылып қалды. Жарыс одан әрі жалғасуда. Финалдық кездесулер Шучье қаласындағы «Жақсы-2» базасында жексенбі күні күндізгі сағат 12-де басталады.