Четверг, 08 июля 2021 16:32

ДӘРІГЕРЛЕР СПОРТТЫҢ ТҮРІНЕН СЫНҒА ТҮСТІ

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Бурабай ауданында медицина қызметкерлерінің арасында «Денсаулық» облыстық спартакиадасы өтті. Бұл спартакиада облыс көлемінде 2-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жарысқа 22 медициналық ұйым, 300-ге жуық медицина қызметкері қатысты.

Спартакиада «Сенім» медицина қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен өткізілді. Медицина ұйымдарының арасындағы спартакиаданың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері арасында үздік спортшыларды анықтау.

СЕРІК КӘКЕНОВ,   «SENIM»  МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Медицина мен спорт – біртұтас. Спорт – денсаулық кепілі. Мен ыстық ауа-райына қарамастан келіп, спартакиадаға қатысып жатқан медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бүгінде медицина қызметкерлерінің толықтай дерлік вакцина қабылдағанын пайдалана отырып, осындай спорттық жарыс өткізіп жатырмыз.

Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлігі екені белгілі. Дене шынықтыру және спорт иммундық жүйені нығайтып, түрлі аурулардан сақтануға мүмкіндік береді дейді медицина қызметкерлері. Жарысқа қатысушылар тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шағын футбол, шахмат, волейбол спорт түрлерінен бақ сынады.

БАЯН ЫСҚАҚОВА, «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭЛЕКТРОНДЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Өткен жылы коронавирусқа байланысты спартакиада ұйымдастырылған жоқ. «Егер адам талантты болса, онда ол барлық жағынан талантты» деген бар. Медицина қызметкерлері де жан-жақты болуы керек. Көптеген медицина қызметкерлері кәсіби спортпен айналысады, белгілі бір спорттық дәрежелері де бар.

Екі күнге созылған жарыста денсаулық сақтау қызметкерлері әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, ақшалай сертификаттар табыс етілді. Жалпыкомандалық есепте Көкшетау қалалық емханасының қызметкерлері топ жарды.

kokshetautv.kz

МАДИНА ҚАДЫРБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 554 раз