Вторник, 01 декабря 2020 12:09

«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Біржан сал ауданында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы қарқынды жүзеге асып келеді. Бүгінгі күні мемлекеттің қолдауына ие болып, кәсіптің кілтін тапқандар бизнесін дөңгелетіп жатыр. Тілшіміз ауданның кәсіпкерлерімен тілдесіп қайтты.

Ауқымы кең «Еңбек» бағдарламасы еріккенге ермек емес, ебі барларға жол ашар жілікті жоба. Яғни бұл - оқып білемін дегенге білім, еті тіріге тиін беретін бағдарлама. Жалпы Біржан сал ауданында бес жылға арналған жобаға осыған дейін 535 адам қатысыпты. Биылдың өзінде 20 адам қысқамерзімді кәсіби білім алған. 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 45 грант тағайындалса, 13 адам жалпы сомасы 49 миллион 450 мың теңге көлемінде несие алыпты.

МАЛИКА МАТНИЯЗОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР  2 жыл шаштараз болып істегенмін. 50/50, яғни процентке істедім. Кейін жұмыспен қамту орталығына барып, мемлекеттік бағдарламаға қатыстым. Степнякта оқып, грант ұтып алдым. Құрал жабдықтар, шкаф, кресло сатып алдым. Қазір өз клиенттерім бар.

Маликаның қызметіне тұтынушалар да риза. Бұған дейін салон іздеп ой мен қырға сабылатындар қазір, алысқа бармай-ақ, қызметтің қызығын көреді. 

РАМЗЕС ОМАР, АУДАН ТҰРҒЫНЫ  Осы жерге үнемі келім отырамын. Шашты қалай қиятына өз көңілімнен шығады. Шашымды жуып береді. Маған ұнайды.

Ал, Алмагүл Әлімова болса, мемлекеттік бағдарламаға 2 жыл бұрын қатысқан. Ол да шеберлікті шыңдайтын курстардан өтіп, шаш үлгілерінің сан түрін жасауды меңгеріп алған. Ер адамдармен қатар, әйелдердің де шашын әдемілеп береді. Курстан өтіп, грантқа ие болған жеке кәсіпкер: «Мемлекеттік жоба көпшілікке дем берді», дейді. 

АЛМАГҮЛ ӘЛІМОВА,  ЖЕКЕ КӘСІПКЕР  Осыған дейін қаржы-экономика саласында жұмыс істедім. Шаштараз болу бала күнгі арманым болатын. Енді міне, мемлекеттік бағдарламаның арқасында арманыма жетіп отырмын. Қазіргі кезде өз тұтынушылары бар.

Лариса Тимофеева бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста. Қолы қалт еткенде арнайы курстан өтіп, мемлекеттік грантқа қатысуға бел буған. Дүкен ашу жқнінде бизнес жобасын қорғап, ауылдық жерлерді қолдауға арналған жеңілдетілген несие алыпты Арманы орындалуға жақын. Қазір сауда нүктесіне қажетті жабдықтардың бәрі алыныпты, сөрелерді де  құрып қойған. Енді сатылымға қоятын тауарлар жеткізілуде. 1-ші желтоқсан күні дүкенді ашамыз, дейді кәсіпкер. 

ЛАРИСА ТИМОФЕЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР 25 күн бедерінде курстан өттім. Жобамды қорғап грант ұтып алдым. Бұл қаржыға тоңазытқыш пен шкаф сатып алдым. Негізі, бала күтіміне байланысты демалыстамын. Дүкен ашамын деп, жеңілдетілген несие де алдым. Экологиялық таза өнімдер саудалайтын боламыз. Осы жерде өндірілген ет пен сүт өнімдері сөреге қойылады.

«Еңбек» бағдарламасының 3-ші бағыты бойынша 110 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сондай-ақ, ауданның 12 тұрғыны әлеуметтік бағытта еңбек етіп жүр. Жаңа мамандыққа ие болып, жанына жақын қызметтің қалауын табымын деген 32 адам жастар тәжірибесінен өтуге жіберіліпті. Тұрақты жұмыс орнын тапқан 372 маман бар.

АРДАҚ МУСИН, АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Еңбек бағдарламасы бойынша 45 қатысушыға грант берілді. Грант алғандардың көбі мал шаруашылығы, сауда-саттық пен халыққа қызмет көрсету ісімен айналысып жатыр.Үшінші бағыт, яғни әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар тәжірибесін ұйымдастыру бойынша да нәтижелер жақсы. Электронды еңбек биржасының көрсеткіштері, еңбек шарттарының енгізілуі қатаң бақылауда.   

Тәуекелге барып, кәсібімді дөңгелетем дегендер үшін бағдарлама тапптырмас мүмкіндік. Үлкен бизнестің мемлекет салып берген алғашқы сатысы.

kokshetautv.kz

Берік Қайдарұлы, Дархан Мүжібаев

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 280 раз