Мәдениет Зеленый-Бор бағытындағы жол жөндеуге қазынадан 1,2 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер 600 млн теңгені іске жаратыпты. Келер жылы 400 млн. теңгеге қалған 12 шақырым жөнделмек. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 75 адам еңбекпен қамтылды.
ЕРЛАН БИДАНОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 15 шақырым жол жөнделді. Мәдениет пен Жаңаталап ауылдары арасында 10 км жол және Жаңаталаптан Зеленый бор бағытында 5 шақырым. Жолдың жалпы ұзындығы 27 шақырым. 12 шақырым жол жөндеу жұмысы қалды.
Облыс әкімі жолдың халық игілігіне ұзақ қызмет етуін қадағалауды тапсырды. Бұған цемент зауытының жүк көліктері нұқсан келтіруі мүмкін.
ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Жол тұрғындар үшін де, бизнес үшін де ең басты қажеттілік. Сапалы жол өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жаңа жолдың сапасын тұрақты бақылап отырыңыздар. Заозерный, Донской бағытынан «Көкшецементтің» ауыр жүк көліктері жүріп өтеді. Осы маңда қиыршық тас карьерлері де бар. Белгіленген мөлшерден артық жүк тасымалын болдырмау үшін жол полициясы қызметіне тапсырма беру қажет. Тиісті жол белгілері қойылуы тиіс.
Биыл Щучинск қаласы мен Бурабай поселкесіндегі ішкі жолдарды жөндеу қолға алынған. Алайда, мердігердің салғырт жұмысы салдарынан кейбір көшелердің құрылысы келер жылға шегерілді. Облыс әкімі 2021 жылдың жұмыс жоспарын уақыт оздырмай әзірлеп, жол құрылысы сапасын жіті бақылауды тапсырды.
АУҒАНБЕК МАНАРБЕКҰЛЫ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АБАЙ ТӨЛЕГЕН.