Вторник, 01 декабря 2020 09:50

БЮДЖЕТКЕ 11,8 МЛРД.ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТӨЛЕНДІ

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

10 айда Көкшетау қаласының өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласының жалпы айналымы 125 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 44,5 процент өсімге тең. Облыс орталығының экономикалық даму барысы туралы қала әкімі Амангелді Смайылов баяндады. Брифинг барысында шаһар басшысы Көкшетаудың коммуналдық мәселелері, тұрғын үй құрылысы, энергетика салалары бойынша журналистер сауалына жауап берді.

Көкшетаудың экономикалық өсіміне машина құрастыру саласы едәуір ықпал тигізген. Сала мамандары өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық өнім өндіріп, өсім көлемі 217 процентті құрады. «Камаз-инжиниринг», «Қазақстанның агро-инновациялық корпорациясы» тәрізді техника құрастыру нысандарының жалпы өнім көлемі 51,2 млрд. теңгеге жеткен. Облыс орталығының экономикалық өсіміне құрылыс қарқыны да ықпал етті.  

АМАНГЕЛДІ СМАЙЫЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ  Тұрғын үй құрылысына жұмылдырылған инвестиция көлемі 13,9 млрд.теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі, яғни  39 проценті республика бюджетінен бөлінген. Құрылыс компанияларының өз үлесі 38%. Жергілікті бюджет үлесі 18%.  Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 33,3 млрд. теңге. Нақты көлем индексі 2 есе артқан. Ағымдағы жылдың 10 айында 153,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жыл сайын Көкшетаудың бюджеті 41 млрд. теңге шамасында болса, биылғы бюджет 68 млрд. теңгеге жетті. Бұл шаһардағы тұрғын үй мен жол құрылысына республика бюджетінен қомақты қаржы құйылуы есебінен өскен. Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестиция 56,1 млрд. теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 67,6 процентке артық. Көкшетаулықтардың орташа жалақысы 166 623 теңгені құраған. Қалада 2 582 жаңа жұмыс орны ашылды.

АМАНГЕЛДІ СМАЙЫЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ   «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 8,6 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба жоспарланған. Оның 12-сі жүзеге асырылды.  Өзге жобаларды іске асыру жалғасуда.  Жалпы саны 2 163 адам еңбекпен қамтылды. Оның 1 087-сі Жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алған.

Биыл 5 мың ірі қара мал бордақылау алаңы, жел электр станциясы, "ENKI" кірпіш зауытының жаңа желісі, тәулігіне 1 мың тонна өсімдік майын өндіруге қауқарлы «КөкшеМай» серіктестігі тәрізді ірі нысандар іске қосылды. Коронавирус кесірінен шағын және орта бизнестің табысы азайған. Қалада 19 мың кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Олар бюджетке 11,8 млрд теңге салық төлепті. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 3 процентке төмен.

kokshetautv.kz

АУҒАНБЕК МАНАРБЕКҰЛЫ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 247 раз