Қазіргі карантиндік жағдайға байланысты білім беру жүйесі, мемлекеттік қызмет көрсету онлайн режимге көшкені белгілі. Ал, шалғайдағы елдімекендердегі интернет желісінің нашарлығы әсіресе мектеп оқушыларына қиындық туғызып отыр. Ишимское, Моховое және Калининское елдімекендеріне кең жолақты мобильді интернет желісі тартылды.
АЗАМАТ ШОТОВ «INTERCOM ENGINEERING» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ МАМАНЫ Негізгі желі Жақсы ауданының орталығынан беріледі. Қажетті құрылғыларды орнатып, кабель тарттық. Бір-екі күнде жұмысты толық аяқтаймыз. Одан соң халық игілігіне пайдалана алады.
САЙРАНБЕК АХМЕТОВ, ҚЫЗЫЛСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ Байланыс іске қосылса, жақын маңдағы ауылдардағы интернет мәселесі түбегейлі шешіледі. Ең бастысы мектептерге үлкен көмек болар еді. Екіншіден, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің 80 проценті электронды форматқа ауысты. Сондықтан, қай жағынан алып қарасақ та, халықтың тұрмысы жеңілдейді.
Халық саны 250 адамнан асатын елдімекендерді кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуге байланысты қолға алынған «250+» жобасы Баяғыз және Қызылсай ауылдарында жалғасып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін ауданның барлық ауылы сапалы мобильді байланыспен және интернет желісімен қамтамасыз етіледі.
ТАБЫСБЕК ҮСЕН, ӘСЕЛ ЖАҢАБЕРГЕНОВА, ЖАҺАНГИР МҰҚАМБЕТОВ