Өңірде карантин кезіндегі криминогендік жағдай көңіл көншітпейді. Балаларды жыныстық зорлауға қатысты қылмыс саны 13-тен 32-ге дейін өсті. Ерейментау ауданының өзінде 6 дерек тіркелген.
ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Бұл деген сұмдық қой! Өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Мұның жолына балта шабуымыз керек. Күнделікті шаруашылық, басқа да салалардағы жұмыстың көп екендігі түсінікті. Бірақ, мына мәселеде бейқамдық танытпау қажет. Есіл, Атбасар, Ақкөл аудандарында жұмысты ширату керек.
Прокуратура өкілдері қылмыстардың 82 проценті мас күйінде жасалғанын атап өтті.
ЖАНДОС БЕРДІҚҰЛОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 6 кісі өлтіру дерегі ашылмаған күйінде қалды. Жүргізілген талдау негізінде спирттік ішімдікті шамадан тыс пайдалану, жұмыссыздық, құқықтық органдардың, полицияның және өзге де уәкілетті органдардың алдын-алу жұмыстарын жеткіліксіз деңгейде жүргізуі секілді себептер анықталды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері Щучинск, Атбасар және Ақмол кентінде уақытша бейімдеу орталықтарын ашуды ұсынды. Бүгінгі таңда мұндай мекемелер тек облыс орталығы мен Степногорск қаласында ғана бар. Сондай-ақ, сыртқы бақылау бейнекамераларының санын көбейту ұсынылды.
СЕРІК БАЙМҰҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ Облыс бойынша қылмыс көрсеткіші 10 000 тұрғынға шаққанда 110-нан келеді. Бұл республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі.
Ақмола облысы жұмыссыздық деңгейі бойынша республика көлемінде Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан кейін 5-ші орында тұр. Кадрлар туралы айтатын болсақ, әлеуетті құрылымдарға 62 маман жетіспейді. Ермек Маржықпаев барлық мәселені кешенді шешу керек екенін атап өтті. Жыл соңына дейін қылмысты ашу көрсеткішін көтеру қажеттігі міндеттелді.
ТІЛЕК ҚАЙЫРЖАН, ГҮЛМАЙДАН НҰРЖАНҚЫЗЫ, СӘНИЯ КӨПЖАСАРОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, АБАЙ ТӨЛЕГЕН