Суббота, 21 ноября 2020 17:30

Жарты бауырсақты жарып жеген

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Көзі ұшына ілінер қара табылмайтын Қиманың жалпақ даласы үнсіз мүлгіп тұрған. Зират басы құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Әншейінде көмейінен күй төгіліп, бір тынбайтын бозторғайлар да күңірене оқылған құран сүресіне қорғасындай балқып, елжірей елітіп, беріле тыңдап тұрғандай үнсіз қалыпты. Әке зиратынан бір шөкім топырақты айыр мен күректін сабынан сүйелдене, мүйіздей болып қатқан алақанына салып уқалады. Сол сәтте бойына бір жылы ағыс келіп құйылғандай болды. Қазақ топырағы ғой, шіркін деп іштей толғанған. Алыстан арып-ашып келгенде аман алып қалған да, асырап-жеткізген де осы топырақ. Енді міне, бірінің атасы, бірінің әкесі жатыр. Атасы Хатоға топырақ осы жерден бұйырған.

Аруаққа иман байлығын тілеген. Ана сүтімен алпыс екі тамырына сіңген өз тілінде емес, жөргегінде жатқанда жұққан қазақ тілінде.

–Тарихта кейін індете іздедік қой, – дейді Руслан Аубакирұлы, – жас кезімде кім керек қылыпты? Бүгінде 87-ге келген әкем бала кезімізде айтып отыратын, қазір де айтады. Ел басына күн туған 1944 жылы күштеп қоныс аудартқан ғой. Дәм-тұз осы Қиманың даласынан бұйырыпты. Атамыз Хато бала-шағасын қанатының астына алып, ес кетіп, жан шығардай болған шақта қайырымды қазақтың құшағына күмп ете түскен. Осы Жақсы ауылында тұрдық. Екі отбасыға лайықталған бір үй. Ертеректе сондай кеңшар салған үйлер көп болды ғой. Қабиден ағамен бір шаңырақтың астындамыз.

Әуелі кейіпкеріміздің тіліне таңданғанбыз. Қазақ тілінде ұғынықты, көркем сөйлейді екен. Іштей сүйсінісімізді жазбай аңғарды.

–Әкем менен де жақсы сөйлейді, – деді ол,– өмір бойы қазақ ішінде тұрсақ, қалай сөйлемейміз. Жалғыз тіл ғана емес, мазмұн-мағынасы мол әдемі салт-дәстүрін де бір адамдай меңгердік. Меңгеріп қана қоймай, бұлжытпай сақтап келеміз. Әйтпесе, үзеңгі қағыстырып жүрген жора-жолдас үйіңнен омыртқа мүжімедік деп өкпелейді. Тіршіліктің қуанышы мен қайғысын бірге көріп келеміз. Бұл қазақтың қалжыңы керемет. Менің бір айтатын сөзім бар, «құрдастың қалжыңы кісі өлтіреді» деп. Ащылығын, өткірлігін айтып жатқаным ғой. Елуге толғанда құрбы-құрдас қажасын-ай келіп. Қой сойып, қолымды қусырып қарсы аламын, басын мүжітемін дедім. Олар болса менсінер емес, сиыр соямын дедім, жатып кеп күлсін бәрі. Ақыры болмаған соң жылқы сойып құтылдым. Өздері отыра қалғанда бірі қыпшақ, бірі арғын болып бөлінеді. Руға бөлінген жақсы емес, әрине, ру түгіл ұлтқа бөлінбеу керек қой деймін мен. Ақыры болмаған соң Есілдің бергі қабағында қалың арғынның ішінде өскен мен арғын болып алдым. Арғын аға баласы ғой, аналарға ағалық ақыл айтқанда жақсы, әйтпесе інілікке де жарап тұрмын.

Әкелері Аубакир Зарахов 1961 жылы отбасымен Кавказға көшкен. Жерсініп кетуі әбден мүмкін еді. Қанша дегенмен ата-жұрт. Он жыл тұрды. Бірақ, Қиманың зиратында жерленген әке аруағы еске түсе бергені. Күндіз ойынан, түнде түсінен шықпады. Өкпелейтіндей. Неге туған жеріңнен безіп, мені жалғыз тастап кеттіңдер дейтіндей ме, қалай? Таң алдында талмаусырап, сарытап сағыныштан өзегі өртеніп жатқанда көз алдында әке бейнесі елес беретін еді. Шыдай алмады. Шыдамаған соң 1971 жылы әкесіне топырақ бұйырған қасиетті Қиманың даласына қайтадан қоныс аударған. Артта мәңгілік мұз көмкерген Кавказдың апайтөс шыңдары қайырымы мол, шарапаты көп қазақ даласына аттанған Зараховтар әулетін қол бұлғап шығарып салған.

Русланның айтуына қарағанда, өз үйлерінде алты бала, көршілері Қабиден ақсақалдың үйінде сегіз бала өрбісе керек. Араларын бір ғана қабырға бөліп тұрғанымен, екі отбасының арасында шектеу болатын шекара жоқ. Бозала таңнан бір шатырдың астындағы он екі бала елбесіп-селбесіп мектепке аттанады. Өзі Қуанышбекпен бір партада отырса, інісі Ақылбекпен бір партада. Қалған балалар да солай. Мектептен шыққан соң да бір-бірінен қара үзіп кетпеген. Ал, кешкілік ел жатарда бұл Қуанышбекті құшақтап, інісі Ақылбекті құшақтап бірде өз үйлерінде, енді бірде көршілерінің үйінде қона салатын. Өне бойы жұптары жазылмай жүргендіктен бір үйдің балаларындай болып кеткен, әлі күнге дейін солай.

–Шын достық балалық кезде болады ғой деймін. Кейін Қимадан Атбасарға көшсек те бір-бірімізге деген сыйластық, ізет қалды, – дейді Руслан Аубакирұлы, – қарбалас тіршіліктен қол тимей жатса, телефон шаламыз. Әйтсе де, жүзбе-жүз көрісіп, сөйлескенге не жетсін?! Целиноград қаласындағы құрылыс институтында оқып жүргенімде Ахмедия Ақпанов, Амангелді Алшынбаевтармен бір бөлмеде тұрдық. Студенттік шақтың думанды кезін бірге өткіздік. Осы күнге дейін қазан-ошағымыз араласып, жұп жазбай келе жатырмыз.

Қазақ даласынан дәм-тұз бұйырған 1944 жылы әкесі Аубакир қабырғасы қатып, буыны бекімеген он жастағы бала екен. Бірден жұмыс істеген. Бір отар қой бағыпты. 13 жасында тылдағы сұрапыл еңбегіне сай медаль алыпты. Еңбегі үшін, қоғам байлығын еселеуге қосқан үлесі үшін. Қазір он жасында қой бағыпты десе, біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ, бұл запыраны көп заманның ащы шындығы. Атасы 41 жасында өмірден өткен. Қайғыдан қайтыпты. Тұлымы желбіреп Қиманың қызғалдағындай қылтиып өсіп келе жатқан қызының өмірден өткені жүрекке түскен үлкен салмақ болыпты. Көшіп келген соң жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Ол уақытта ер азаматтың бәрі майдан даласында. Елдегі шаруаға Төлеубай ақсақал екеуі ие болса керек. Ал, шаруа шашетектен еді дейді. Жаңа жұртта тамырын тереңге жіберіп, еңсесін тіктеген соң ел ісіне араласып, шаруаға бас-көз болса керек. Қиын заман, дәм-тұзы таусылып өмірден өткен адамдарды жерлеудің өзі оңай-оспақ іс болмаса керек.

– Сенің атаң қайырымдылығымен тәмам еді тәнті еткен жан, – деп айтып отырады әкесі, – қазақ та қайырымды, жаны жайсаң жұрт.

Жайсаңдығын бұл да көрген. Қабиден ақсақалдың дастарханы жиылмайтын. Төрде үлкендер, есікке таман балалар отырады. Кейін заман түзелгенде уысына жарты құрт емес, шала туралған жілік, бүтін бауырсақ тиетін болды. Ақсақал өз балаларынан бұрын сыбағаны көршінің балаларына беретін. Қазаққа қонақ риза болса болғаны ғой. Үйдегі балалар азға да қанағат етеді.

Русланның өзінің айтуына қарағанда, ең қызығы айт мерекесі екен. Тәмам бала Қиманың көшесін шаңдатып, айттық сұрар еді. Сол кездегі жұрттың пейілін-ай! Ешкім де қалтасынан қол салмай қайтармайтын. Әжелер құрт-ірімшігін ұсынса, кейбіреулер жарқыраған ақ күміс ұстататын. Ал, бақыр берсе, көңілдері қоңылтақсып, азсынып та қалатын. Сөйтсе ырым екен ғой. Мәселе айттықтың аз, не көптігінде емес, ниеттің түзулігінде. Ал, көрші Қабиден ақсақал баланың нәзік алақанына кетпектей етіп бір сом салар еді. Жалғыз өзіне ғана емес, алты балаға түгел. Бір байып қалатын. Қашан айт мерекесі болар екен, атам қашан айттық берер екен деп тосып жүретін.

Қазақтан көрген жақсылығы таусылмайтын жыр. Бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеген бауырмалдық. Әкесінің айтуына қарағанда, жергілікті жұрттың да аузынан ақ май ағып отырмаған. Бірде тоқ, бірде аш заман. Бірақ, пейіл кең, ниет түзу. Ингуш деген жұртты бәлкім естіген, бірақ, түстеп танитын, тілдесіп көрген ешкім жоқ. Сөйтсе де кеудесінен кері итермеген, бауырына басқан, алға жетектеген.

–Кейде бір қырсық шалып, ойдағың орындала қоймағанда, қабақтың түксиетіні бар, – дейді Руслан Аубакирұлы, – сондай бір кезеңде түнеріп отырсам, төргі бөлмеден әкем шығады. Аз-кем отырған соң жайымды сұрайды. Мен болсам, дүниені қара су басқандай күйініп, салым суға кетіп отырғанымды айтамын. Сондай сәтте әкем «дастарханыңа қара» деген жалғыз ауыз сөзін айтады. Алғашқы бетте мән бермеппін, кейін ойлап қарасам, «сабыр ет, ұлым, тәубаңа кел» деген сөз екен ғой. Қазақта жаратқа ие берер жақсылығын сабырлыға береді деген ұғым бар. Сабырлының сыбағасы да алысқа ұзап кетпейді.

Өзі әкесі туған жеріне көшіп барғанда, Кавказда дүниеге келген. Балалық шағы қазақ даласында өтті. Қазір құрылыс саласында еңбек етеді. Бір кезде атасына пана болған, әкесі өсіп-жетілген, ұрпағын жайған қазақ даласын сәулетті құрылыспен сәндендірсем деген сәулелі ойы бар. Сол ойы оңынан оралғай!

arka-azhary.kz

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 92 раз
© 2013-2020 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"