Суббота, 24 октября 2020 13:42

Ұстаз болу – жас ұрпаққа өмірдің жақсылығын үйрету

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Кез-келген мамандық өзінше қызықты да күрделі. Түрлі мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, мейірімділікті, шеберлікті, балаға деген сүйіспеншілікті қажет ететін кәсіптің бірі – мұғалім. Бұл мамандықты кез-келген адам оқып, қолына дипломын алса да, оны саналы түрде өмірлік серігі ететіндер аз. Ұстаз болу үшін үлкен жүрек керек шығар, сірә?!

Салтанаттың мұғалім болуына ешқандай қиындық не бір кедергі болмаған. Себебі ол өзі де мұғалімдер отбасында дүниеге келіп, тәрбие алған. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ардақты әке мен аяулы анасының еңбек жолы оған мамандық таңдау кезінде үлгі-өнеге, тәжірибе, тіпті, бір мектеп болды деуге де келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың бір жақсы сөзі бар. Салтанаттың үйде де, мектепте де көретіні мұғалімдер болғандықтан, оның басқа мамандықтың тізгінін ұстау ойына да келмеген шығар-ау…

Салтанат Құсайынова Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында өсіп, сонда қазақ мектебінде сауат ашып, білім алды. Туғанынан педагогтар отбасында тәрбиеленгендіктен болар, бала кезден мұғалім болуды армандап, ата-анасының ұстаздық жолын жалғағысы келіпті. 1996 жылы мектепті ойдағыдай бітірген соң Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша білім нәрімен сусындайды. 2000 жылы қолына арман еткен дипломын алды. Қазір Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанындағы көпсалалы колледжде еңбек етіп жүргеніне сегіз жылдан астам уақыт өтіпті.

Бүгінгі күнгі мұғалімнің мақсаты – бәсекеге қабілетті, өздігінен өмір сүре алатын, білімді, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеп шығару. Бұл үшін мұғалімнің өзінің де білімге деген қызығушылық деңгейі жоғары, жаңашылдықтарға тез бейімделгіш, ізденгіш, өте мәдениетті және зиялы болуы тиіс. Ал, бұл кез-келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет пен қабілет. Кейде «мен шаршадым, мына дәптер, мына қағаз, журнал толтыру» деген сөздерді жиі айтатын мұғалімсымақтарды да көріп қаламыз. Мұндайларды қалай ұстаз деп айтарсың?! Ал, Салтанат ондайлардың қатарынан емес!

–Мен – ұстазбын, педагогпын. Бұл менің – өмірім, ұрпақ алдындағы борышым, парызым. Сондықтан да, мен ешқашан да бұл қасиетті мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, ондай сәт болған емес, болуы да мүмкін емес, – дейді ол.

Қазір кез-келген салаға әлемдік жаңа технологиялар мен техникалардың түр-түрі енгізілуде. Заман жылдам өзгеруде. Бүгін өз кезінде Ыбырай Алтынсарин болжап кеткендей, «айшылық алыс жерлерден, бірден хабар алғызатын» уақыт. Осыны ескерген заманауи ұстаз көптеген инновациялық технологияларды меңгеріп, сабақтарында үнемі жаңаша методиканың әдіс-тәсілдерін қолданып, тәжірибе жасап жүреді екен. «Жаңашылдықтар мен инновациялық технологияларды қолдану менің оқытып жүрген пәнімде аса маңызды рөл атқарады. Мен колледжде сыни ойлау бағытында сабақ беремін. Мұнда алған ақпаратты талдау, оны қорыту, мәселені толығымен көре алу мүмкіндігі, мобильділік, қабілеттілікті дамыту секілді жағдайлар қарастырылады» деді арнайы пәндер оқытушысы Салтанат Қайроллақызы.

–Жер жаһанды жайлаған аты жаман індет – коронавирус пандемиясы мемлекеттердің экономикалық жағдайына ғана емес, барлық саласына өзгерістер әкелді. Соның ішінде бұған дейін жоғары оқу орындарында белгілі бір деңгейде қолданылып келген қашықтықтан оқыту форматы орта білім беретін мектептерге де енгізілді. Жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары мен білім алушыларына бұл оқу түрі аса қиынға соқпағанымен, мектеп оқушылары үшін әрине, белгілі бір дәрежеде мәселелер тудыруы мүмкін. Оның үстіне Интернет жылдамдығы біздің елде дамыған мемлекеттерге қарағанда төмендеу. Тіпті, кейбір шалғайдағы елді мекен, ауылды аймақтарда оның жылдамдығы мүлдем нашар.

Мұндай жағдай оқушылар мен ата-аналарға ғана емес, ұстаздар үшін де үлкен мәселе екені даусыз. Яғни, еліміз бойынша қашықтықтан оқыту форматына жоғары оқу орындары дайын болғанымен, орта білім деңгейіндегі мекемелер дайын болмады. Бірақ, бұл оқыту түрі мен үшін жаңашылдық емес, жоғарыда атап өткендей, қашықтықтан білім алу форматы бұрыннан бар. Қазіргі уақытта біз де студенттерді қашықтықтан оқытудамыз. Жалпы, оқытудың осы түріне өз тарапымнан оң көзбен қараймын. Ешқандай қиындық, ауыртпалық көріп тұрған жоқпын. Бұған дейін мен түрлі оқыту курстарына қатысып, жаңаша білім алып, жаңадан дағдыландым, үйрендім,–дейді Салтанат Құсайынова бізбен әңгімесінде.

Қазіргі заманғы мұғалім қандай болуы керек деген сауалымызға басты кейіпкеріміз «қазіргі заманның мұғалімі ең бастысы, мобильді болуы тиіс, күн сайын жаңа білім алуға дайын болуы керек, себебі, ақпарат пен технологиялар жылдам дамып жатыр. Осының барлығына дайын болу – заман талабы. Өзін-өзі дамытумен айналысуға көңіл бөліп, зиялы, өте мәдениетті, жан-жағына қызықты болуы шарт» деп жауап берді.

Жалпы, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Жылдың үздік педагогы» республикалық конкурсына мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерінен бастап, мектеп мұғалімдері және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары қатысады. Салтанат Қайроллақызы облыстық деңгейде өткен аталмыш конкурстың Гран-при иегері атанып, республикалық байқауға жолдама алған ізденімпаз ұстаз екен.

–Байқаулардың қай-қайсы болмасын қатысушылар үшін оңай болмайды. Әсіресе, мұғалімдер арасындағы өтетін додаларға қатысу үшін үлкен дайындық пен мол тәжірибе керек. Аталмыш байқауға менің де көп күш-жігерім, қайратым, эмоциям жұмсалды. Республикалық кезеңге өту үшін барымды салып, дайындалдым. Әлі де жеңістен үміттімін, бірақ, ең мықты, мыңнан жүйрік озады деп ойлаймын. Десе де, облыс атынан шыққандықтан намысты қолдан бермеуге тырысып бақтық, – деп ағынан жарылды ұстаз.

Салтанат Қайроллақызы бүгінде колледжде шәкірт тәрбиелеп жүрсе, отбасында да асыл жар, аяулы ана. Үш баласына бар жүрек жылуын сыйлап, болашақтарынан үміт күтуде. Жарқын болашаққа кәміл сенеді. Ол жоғары санатты кәсіби маман, гуманитарлық ғылымдар магистрі, бірнеше ғылыми-әдістемелік мақалалар мен оқулықтардың, жобалардың авторы. Солардың ішінде «Студенттердің зерттеу дағдыларын дамыту», құрылыс саласында оқитын студенттерге арналған «Кәсіби орыс тілі» секілді еңбектері атап өтерлік.

Шәкірттің жақсылығы да, жаман болуы да ұстазынан дейді ол. Өзінің бір топ шәкірттері облыстық, республикалық халықаралық олимпиадалар мен байқауларға қатысып, ұстаз мерейін үстем етіп, биіктерді бағындырған. Олардың ішінде Еламан Неғметжанов, Альбина Сүлейменова, Жандос Кенжетаев, Карина Әбішева және тағы басқа да оқушылары республикалық, халықаралық додаларда жүлделі бірінші, екінші, үшінші орындарды бағындарған. «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты» демекші, ол алдына осындай мақсат қойып, алға ұмтылған студенттерінен де үлкен үміт күтеді.

Биыл «Жылдың үздік педагогы» республикалық байқауында облыс намысын қорғап жатқан Салтанат Қайроллақызына біз тек сәттілік тілейміз. Жеңіс тұғырын бағындырыңыз!

Источник arka-azhary.kz

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 217 раз
© 2013-2020 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"