Суббота, 24 октября 2020 13:13

Қамқоршылық кеңесі – іс үстінде

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Ол әдеттегідей білім, ғылым, мәдени және әлеуметтік мәселелерді қарады.Қамқоршылық кеңесінің мүшелері университет басшылығының және профессорлық-оқытушылық құрамның осы бағытта үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.

Жоғары оқу орнының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарының орындалу барысы жөнінде оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Л.Кәрімова, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Н.Болатов, тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары Д.Әбділманова сөз сөйледі. Университет өз миссиясын тек облыс пен қала аумағында ғана емес, сонымен бірге, республикамызда да ойдағыдай атқаруда. Модернизация, корпоративтік мәдениетті дамыту, тәрбие жөнінде алда тұрған міндеттерді іске асыру және әлеуметтік саясатты ілкімді жүргізу арқылы еліміздің солтүстік аймағы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісі ойдағыдай жолға қойылған.

Қамқоршылық кеңесі биыл өз жұмысын білім ордасының жаңа оқу жылына жұмыс жоспарын бекітуден бастаған еді. Қазір ол жоспар оқу үдерісінде қатаң сақталуда. Кеңес мүшелері биылғы оқу жылының алғашқы жартыжылдығында қашықтықтан оқыту жағдайында білім, тәрбие және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелерін де талқылады. Осы орайда, келелі әңгіме өрбітіліп, оның барысында қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Зеленстрой» серіктестігінің директоры Г.Осиненко және кеңес мүшесі, «Той Дастархан» серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Е.Мащинская қашықтықтан оқыту барысындағы білім сапасы, материалды игеру, студенттердің іс-шараларға қатысуы және өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінулері тұрғысында сауалдар қойды.

Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Л.Кәрімова осы сұрақтарға жауап бере келе, бұл бағытта кураторлардың белсенді жұмыстарымен көрініп келе жатқандығын, студенттердің сабаққа және тәлім-тәрбие шараларына қатысулары тұрақты бақылауда ұсталатынын атап көрсетті. Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамының директоры Ж.Шәймергенова университет басшылығына студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие бергендері үшін алғысын білдірді.

–Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің түлектері біздің банкте де жұмыс істейді. Олар осы мерзім ішінде өздерін белсенді, еңбексүйгіш, ұйымшыл мамандар ретінде көрсетуде,–деп атап көрсетті Жанар Бүркітбайқызы. Ал, «Жолаушылар тасымалы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Р.Қалышев «Тасымалдауды, көлік қозғалысы мен оның пайдаланылуын ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алған түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін қозғады. Ол жас кадрлардың өмірде өз орындарын табуына жағдай жасау туралы айтты.

Күн тәртібінде сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазіргі жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ел халқына арнаған Жолдауын іске асыру орайында студент жастардың оқуына және өздерін танытуларына қарастырылатын шаралар туралы да мәселе қаралды. Университет ректоры Мәди Елубаевтың ұсынысы бойынша қамқоршылық кеңесінің мүшелеріне оқу орнының материалдық-техникалық базасын көрсетіп, пікір алмасу жағы да ескерілді. Сөйтіп, осы заманғы оқу кабинеттері, көрме залы, коверкинг орталығы, ғылыми жетістіктер залы, педагогикалық шеберлік, банк ісі, өзін-өзі тану, Монтессори кабинеттері, жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған химиялық-биологиялық талдау және «Эрасмус+ КУТЕЛ» зертханасы, тілдерді оқыту орталығы кеңес мүшелеріне жақсы әсер қалдырды. Олар сондай-ақ, Халық Қаһарманы, Армия генералы, бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Мұхтар Алтынбаевтың атындағы әскери-патриоттық тәрбие кабинетіндегі әскери кафедраның тұсаукесеріне қатысты. Құрылыс объектілерінде, атап айтқанда, №2 студенттер үйі, студенттер сарайы, сондай-ақ, спорт кешенінде болды.

Осының бәрі білім ордасының жетістіктерін, оның басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамының студенттердің заман талабына сай сапалы білім алуларына ұмтылыстарын растай түседі. Анығын айтқанда, университеттің қамқоршылық кеңесі осы оқу орнының білім жүйесіндегі сан салалы қызметінің жемісті іске асуына өз үлесін қосып отырғаны даусыз.

Источник arka-azhary.kz

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 215 раз
© 2013-2020 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"