Понедельник, 19 октября 2020 13:30

Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесі» «Қазақ отбасының жылуы» жобасының аясында баршаға ортақ ұлтаралық татулыққа ұйытқы болып отырған Жексембаевтар отбасы туралы баяндайды

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Көптің құрметіне бөленген Мина қазақтың инабатты келіні ретінде танылса, жолдасы Кенжебек «ошағымның құты, бала-шағаларымның анасы, өзім ғашық болып қосылған құдай қосқан қосағым»- деп ардақ тұтады, аялап сыйлап, құрметтеп отырады.

Сонау 1941 жылы барлық халықтың басына Гитлердің жауыздығынан түскен қасіреттен «Адамның басы Алланың добы» демекші, сонау Павольже жеріндегі Гусенбах елді мекенінде туып өскен ата мен әжесі Мария мен Кондрат 5 баласын ертіп Ақмола облысының, Зеренді ауданынындағы  Көктерек ауылына келіп жан сауғалағандарын есіне алып әңгіме еткен еді Мина.

Әжесі қарапайым үй шаруасындағы адам болса, атасы көзі ашық ауылдың есеп қисабын жүргізе алатын есепші қызметін атқарған екен. Көктерек ауылына келіп табан тіреген ата мен әжесінен тағы екі бала дүниеге келген. Осы Көктерек ауылында дүниеге келген Минаның анасы Анна сол елге өздері сияқты тағдырдың тәлкегімен келген «переселен» деп атайтын Якоби Давид деген жас жігітке тұрмысқа шыққан екен.

Анам 6 құрсақ көтерген, мен сол балалардың үлкенімін, дейді Мина. Көктерек ауылының тұрған жерінің  табиғаты қандай сұлу болса, сол жерде өсіп-өнген 30-дан артық ұлттар мен ұлыстардың тұрмыс тіршілігі тату-тәтті, қыз алысып-қыз берісіп құда-жекжат атанып, бір үйдің баласындай әдемі өмір кешіп отыр.

Ауылдың орта мектебін жақсы тәмәмдаған Мина ата жолын қуып есепші мамандығын алып ауылға қызметке келген. Өзі бойшаң, аққұба көрікті қыз, көрші ауылдағы Кенжебек деген азаматтың асыл арманына айналса керек.

Кенжебектің әкесі Есмағұл атамыз Ұлы отан соғысының ардагері, соғыс басталысымен 1941 жылы ел қорғауға бірінші болып аттанғандар қатарынан болатын. Нағыз өрттің ортасына барып түскен атамыз қазақтың азаматының нағыз қайсар, ер жүрек екендігін  жолдастарының алдында бірнеше мәрте дәлелдеген азамат. Москваға ентелеген жаудың жолын тосқан талай ерлер көз алдында «За Москву!», «За Сталина!» деп опат болып жатқан жауынгерлердің өмірмен қоштасар сәттеріне куә болған азаматтың өзі осындай бір жан алысып, жан берісіп жаумен жағаласып жүргенде 1943 жылы Волоколам щоссесінде ауыр жарақат алып, өліммен талай ай арпалысып 1943 жылдың соңында аяқтарынан айырылып жүрегінде жаны бар атамыз туған елге оралады.

Осындай ержүрек ардагерден туған Кенжебектей азаматтың жүрегінде жылуы мол, ауылына қадірлі, сүйікті жарымен бақытты отбасының махаббатына бөленген ардақты әке. Жастарынан екеуі екі ұлттың өкілінен екеніне қарамай, жүрек қалауына қарсы келмей махаббаттың құдіретіне бағынып, отбасын құрған жылдарын қызықты әңгіме етіп отырады.

Мина екеуінің үлкен махаббатынан туған бақытты қыздары бүгінде үйлі-баранды, бала-шағаларын өсіріп өз алдарына бір-бір үй болып отыр. Мина бір сөзінде қыз баланың тәрбиесіне ерекше қамқорлық керек деген еді. Сөзі мен ісі қабысқан Минаның қыздары өте тәрбиелі, биязы мінезді.

Мина өзі ауылдың мәдени іс шараларына қатынасып, ат салысып жүреді. Қазақтың салт-дәстүрлерін бала күнінен бойына сіңіріп өскен Мина өзінің қыздарына әрқашан айтып түсіндіріп отырудан жалыққан емес. Қыздарының үлкені Әсел қазақтың мақтан етер жерұйығы Көкшетаудың етегін ала орналасқан Бурабай, Щучье аудандарының тау ішінде орналасқан сонау жылдары қоғам қайраткерлері асыл азаматтарымыз Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов дем алған көркіне көз тоймас, Сәкеннің «Көкшетау» поэмасының жарық көрген жерінде «Оқжетпес» сауықтыру орталығының әкімшілігінде қызмет етеді. Жолдасы да осы орталықта қызметте. Екеуі 3 баланың сүйікті ата-анасы. 

Екінші қыздары Жаннаның жолдасы орыс жігіті Павел екеуі 2 бала тәрбиелеп  отыр, бұларда өмірден өз жолдарын тапқан бүгінгі заманға сай еңбек етіп жүрген азаматтар.

Үшінші қыздары Диана болса ауылда ұстаздық жолын қалаған жоғары білімді білікті маман, екі ұл өсіріп ата-анаға қызмет жасап отырған елі сыйлаған азаматша.

Кіші қыздары Клара жолдасы екеуі де Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, 2 қыз тәрбиелеп отырған жас отбасы. Күйеу балаларының барлығы  аталарына қарап  жолын қуған еңбекке жақын азаматтар.

Сонау 1990-1997 жылдардағы қарбалас кезеңде бөлінген жерді баптап, ертелі кеш жұмыс жасаған Кенжебек бүгінде еңбегінің қызығын көріп отырған, елінің қамын ойлаған, керек жанға  қол ұшын беретін, барын елімен бөлісетін қамқор азамат. Елдің айтуынша барында тасымаған,  жоғында жасымаған халықтың қалаулы азаматы. 

Мина өзі есеп - қисабын жасап беріп, кіріс-шығысының қорытындысын отағасының алдына уақытылы беріп отыратын үйге кірген ырыстың, берекенің ұйытқысы, жөнге келтірушісі, сүйіп қосылған жарының  әр еңбегін балалар алдында мадақтап, дәрежесін көтеріп отырар отанасы.

Бүгінгі біздің айтып отырған Кенжебек пен Мина отбасының өмірлерінің  аз ғана көрінісі десек те болар. Біздің айтарымыз қазақ жерін паналап келген әр ұлттың ұрпағы бүгінде қазақтың дархан даласында өз Отанын, өз ошағын құрып бақытты өмір сүріп отырғандарына барлық халық куә.

Қазақ жерінде 130 астам әр ұлттың баласы тату тәтті өмір сүріп отырса, ол қазақ халқының кең пейілінің арқасы болса керек. Үлкенін аға, кішісін іні деп атаса ол қазақтың кішіпейілдігінен болса керек. Олай болса, дархан қазақ халқының ниетін Аллам өзі қолдап жер қойнына бар байлығын үйіп-төгіп беріп, жүрегіне адамзатқа деген мол махабабат сыйлағанда болар.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 234 раз
© 2013-2020 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"