Среда, 15 июля 2020 17:13

Бір ауданның шағымы

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Біздің редакциямызға екінші Кирпичный шағын ауданының  тұрғындары шағымдарын айтып, хабарласты. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан олардың мәселесі көлеңкеде қала берген. Жарық жоқ, жол салынбаған, тау болып үйілген қоқыс шығарылмаған. Көше бойымен  жүйткіген жүк көліктері тұрғындардың мазасын қашырған. Біз жіпке тізген мәселенің бұл тек санаулысы ғана.

Бұл -  екінші Кирпичный шағын ауданы. Жүк көлігі өтсе, шаңы жоғары көтерілетін көшеге тұрғындар әбден үйренген. Өйткені, шағын аудан ішінде асфальт жоқ.  Жалғыз грейдер жолдың өзін камаз құртқан. Тұрғындар бұған жақын маңдағы темірбетонды конструкция өндіретін зауытты кінәлайды.

ЕЛЕНА КУЧЕРЯВАЯ , ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мына камаздар барлық жолымызды қиратты. Шаң көтерілгенде дем алудың өзі қиын. Кіріңді де жая алмайсың. Бақшаға да көкөніс еге алмай отырмыз. Жүк көліктері дала жолымен  жоғары  жылдамдықпен  жүреді.  Балалар мектептен келе жатқанда, үстілерін лаймен былғайды.

Екінші  Кирпичныйда 120  шақты  отбасы тұрады. Балалар Застанционный елді мекеніндегі  №14  немесе  вокзал  маңындағы   №12   мектепте  оқиды.  Оқушыларды білім ошағына тасымалдайтын   автобус   жоқ. Қоғамдық  көлік  мұнда  күніне  үш  рет қана қатынайды. Сондықтан,  тұрғындарға  үйден  ерте  шығуға тура келеді. Бұдан бөлек тау болып үйілген қоқыс пен қолқаны қабатын иіс тағы бар.

НАТАЛЬЯ ТЮЛЕБАЕВА , ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бізде қоқыс сирек шығарылады. Мұнда балалар жүгіреді, жел, шаң болады. Мына қоқыс көкке көтеріледі. Тыныс  алудың өзі мұң. Иттер қоқысты айнала тасиды. Не жарық, не балалар алаңы жоқ. Тұрғындар үшін  түк те қарастырылмаған. Қала әкімдігіне де жүгіндік, арыздандық. Бірақ, көріп тұрғандарыңыздай ешқандай нәтиже жоқ.

НАЙМАН ШӘКІРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 7 сәуірде қатты жел соғып, үй жанындағы баған құлады. Содан бері ол сымға ілініп тұр. Көршілерді жинап, итеріп,  сүйеп қойдық. Әлі  солай тұр. Біз Нұр Отанға, қала әкімдігіне, тұрғын үй коммуналдық шарушалығына, қалалық  энергетика  жүйесіне  жүгіндік.  Соңғысы 5-6 рет келіп, видеоға түсіріп, ауыстырамыз деп уәде еткен еді. содан  бері,  2-3  айдай  өтті.

Биыл жол жөндеуге айырықша көңіл бөлінуде. Мұны Көкшетаудың ішкі жолдары мен Красный Яр тас жолынан байқауға болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі елдімекеннің шеттері де назарға алынатындығын айтып отыр. Застанционный елдімекеніне 2  шақырым, Құлагер шағын ауданында 3 шақырым жол төселді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Юрий Шидловский Кирпичныйға да жетеміз деп уәде берді.

ЮРИЙ ШИДЛОВСКИЙ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Өздеріңіз көргенде қаланың сырты бөліктеріне жол әлі салынған жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта осы мәселені қарастырудамыз. Бұл жолдарға биыл  грейдер  саламыз. Ал қоқыс шығару жұмысын жеке компанияға тапсырдық. Олар келісім-шарт негізінде істейтін болады. Бұл ауданның қарызы белшеден асады. Сондықтан, тұрғындар түбіртегін қарап, қарыздарын төлеулері керек. Жолдың сапалы болуы  уақытылы жасалатын төлемге байланысты.

Бөлім жетекшісі  шағын аудан тұрғыны Найман Шәкіровтің үйінің жанындағы баған мәселесі де жақын арада шешілетіндігін жеткізді. Алайда,  оның  айтуынша, баған әлдеқашан істен шыққан.

Источник kokshetautv.kz

АЙГҮЛ МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ,  СӘНИЯ КӨПЖАСАРОВА, ЕРМЕК МАХМЕТОВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 179 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"