Вторник, 13 августа 2019 09:02

«Баянауылдың бай мұрасы»

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Баянауыл – сан ғасырлық тарихы бар, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан ғажайып табиғаттың сырлары тұнған өлке. Найзатас, Кемпіртас, Данатас, Қоңыр әулие үңгірі тәрізді тарихи-мәдени жәдігерлер, мүлгіп жатқан кербез дала мен асқақ таулар, адамзатқа арғы-бергіден суыртпақтап үн қатқан бейнелі тастар, сай-сайдан сыңғырлай бұралған бұлақтар мен аспан түстес айнакөлдер, тау бауырын қымтай жауып, өрлей өскен ну орман мен өсімдіктер әлемі – осы өлкенің таусылмас қазынасы дер едік.

Жапония мен Бельгиядан, сондай-ақ еліміздің ғылыми-мәдени астанасы – Алматы қаласынан келген ғалымдар осы ғажайып өлкені ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мақсатында Кереку жеріне табан тіреді. Белгілі халықаралық ұйымның осы өлкеге назарын аудартып, ғалымдар шоғырын осы іске ұйымдастыру идеясы химия ғылымдарының докторы, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлының бастамасымен жүзеге асырылып отыр деуге толық негіз бар. ЮНЕСКО атынан келген қонақтарды өз деңгейінде күтіп алып, Баянауылдың тарихи орындарымен таныстыруда Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы ұйымшылдық танытты. Ұйым атынан келген экспедиция құрамында Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Білім және ғылым министрлігі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу ақпараттық орталығының ди-ректоры, ЮНЕСКО «Ғылым және руханият» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Әбусейітова (Қазақстан), Лувен Католик университетінің профессоры Анна Мари Вильмено (Бельгия), Киото Этнология ұлттық мұражайының доценті, PhD докторы Токо Фудзимото (Жапония), Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор Жанымхан Ошан (Қазақстан) сияқты беделді ғалымдар бар.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлы ғалымдарды өзі бастап, Баянауылдың әр тасының тарихына, әр сайының сырына қанықтырды. Алғашқы күні ғалымдар тобы облыс орталығында аялдап, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің құрамында ашылған Margulan Centre археологиялық орталығымен, Ертіс жағасындағы «Қазқонақ» палеонтологиялық орнымен, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен танысты.

Ертеңінде Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ескерткішіне аялдап, тағзым еткен экспедиция мүшелері әулиенің Баянауылдағы кесенесіне жол тартты.

Экспедиция жетекшісі Алтынбек Нұхұлы шетелдік ғалымдарға Мәшекеңнің өмірі мен қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі теңдессіз орны жайлы кеңінен мағлұмат берді. Ғұмырында 20 томдық еңбек қалдырып, ұлттың рухани піріне айналған Мәшһүр Жүсіптің аты қазақ үшін қашанда қымбат. Діні мен тіліне, ары мен ұятына араша болып, тегін тектеп, рухани мұрасын түгендеп кеткен ұлы тұлғасын бүгінде ұлты да қадірлеп, қастер тұтады. Әулиенің басына Құран бағыштап, бет сипаған экспедиция мүшелерінің сапары тарихы терең мекен – Мұса Шорманұлы ауылында жалғасты.

Құшағы ашық, дархан көңілді жұрт қонақтарды ән-шашумен қарсы алды. Елді мекеннің білім ордасына бас сұққан қонақтар мұражайды аралап, осы өлкенің тарихымен етене танысты. Бұл ауылдың Мұса Шорманұлы атануы да тегін емес. Мұса Шорманұлы – осы топырақта туып-өскен, аты Алашқа мәшһүр болған тұлғалардың бірі. Мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы. 2018 жылы ПМПУ ректорының тікелей бастамасымен тарихи тұлғаның 200 жылдық мерейтойына орай, Теңдік ауылының іргесінде Мұса Шорманұлы жерленген орынға еңсесі биік кесене тұрғызылған болатын. Артынша Теңдік ауылы Мұса Шорманұлы ауылы атанды. Сапар барысында кесенеге арнайы ат басын тіреген ғалымдар бұл нысанның мәдени әрі тарихи құндылығы жоғары екендігін атап өтті. Бұл жерде де Мұса Шорманұлы және өзге де бұрын өткен аруақтарға Құран бағышталып, дұға етілді.

Экспедицияның екінші күні Қоңыр әулие үңгірінде жалғасын тапты. Бұл нысан Жасыбай көлінен батысқа қарай 4,5 шақырым қашықтықтағы Баянауылдың биік шоқыларының бірінде орналасқан. Үңгір күмбез және қазандық бөлігінен тұрады. Күмбез бөлігіне сәлем беріп, бас иіп кірген келушілер қалыптасқан дәстүр бойынша қазандық бөлігіндегі бұлақтан дәм татады. Деректерге сүйенсек, бұл орын ХVIII ғасырдан бастап халықтың зиярат орнына айналған. Үңгірдің айналасындағы бай ана, жеті ана, қаған тастары туралы аңыздардың әрқайсысының үлкен бір фольклорлық мұра ретіндегі құндылығы жоғары.

Бұдан бөлек ғалымдар Баянауыл өлкесінде ықылым замандардан бері түзіліп, табиғи жолмен қалыптасқан Найзатас, Кемпіртас, Данатас, Саймантас сияқты әртүрлі адами, әрі анатомиялық бейнедегі тастарды аралап, даңқты режиссер Шәкен Аймановтың атамекені – Айманбұлақ пен Шоң бидің ескі жұртына да ат шалдырды, Торайғыр көлінің жағасындағы сақ дәуірінен қалған «мұртты обалардың» зерттелу барысымен танысты. Бүгінде бұл жерде ПМПУ негізінде ашылған Margulan Centre археологиялық орталығы қазба жұмыстарын жүргізуде.

Ал экспедицияның соңғы күні ғалымдар Баянауыл ауданының орталығында болып, академик, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев мұражайына бас сұқты. Кемеңгер ғалымның өмірімен, теңдессіз еңбек жолымен танысты. Мұнда Қаныш Имантайұлының өмірде тұтынған бұйымдары, киген киімдері, қолжазбалары, маңызды жиындар мен конференцияларда түскен суреттері, баршасы – академиктің көзіндей болып сақталып тұр. Отбасы жайлы, балалық шағы мен тұтастай ғұмыры жайлы мәліметтерді, академик туралы мол зерттеу еңбектерді осы мұражайдан таба аласыз. Бірнеше күн бітімі бөлек табиғатты аралап, сырына қаныққан ғалымдар Баянауыл топырағын қимай аттанып, облыс орталығында өткен «Ұлы дала мәдениеті мен тарихы» конференциясына қатысты.

Ғұн мен сақ, көктүрік, қыпшақ дәуірлерінен бүгінге дейінгі дала-лық мәдениет жайында құнды баяндамалар жасалып, көшпелілер мәдениетінің ерекшеліктеріне тоқталды. Конференцияға өңір басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Бірнеше күнге созылған ауқымды іс-шара көрнекті ағартушы, педа-гог, «Алаш» қозғалысының мүшесі Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа арналған мемориалды тақтаның ашылу салтанатымен аяқталды. Әбікей Зейінұлы – ХХ ғасырдың басындағы әйгілі ағартушы. Қайраткерді Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан сынды белгілі тұлғалар өздеріне ұстаз тұтқан. Кезінде есімі аталмай, көмескіленіп қалған азаматтың өмірі мен еңбегі ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлының бастамасымен қайта зерделеніп, кітап жазылып, «Ертіс-Баян өңірінің 100 тұлғасы» сериясының негізінде фильм де түсірілген. Енді дүниежүзілік мерейлі іс-шараның қарсаңында мемориалды тақтасы ашылып, тарихи ақиқаттың қайта қалпына келуіне тағы бір үлкен қадам жасалды. Осылайша бірнеше күн бойы Баянауылдың бай мәдениеті мен тарихын зерделеген ғалымдар ғылыми қоржындарын мол деректермен толтырып, елдеріне аттанды. Алдағы уақытта «Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағын» ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жолындағы құжаттамалық негіздегі жұмыстар атқарылмақ.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 214 раз
Другие материалы в этой категории: « Формула счастья Ұлытау әлемі: Әулиетау тылсымы »