Облыстық байқау Ақмола облысында тіл заңнамасын бұзған жарнамаларды түзетуге ықпал етті

Ақмола облысында мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуге және мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінінің сауатты ресімделуіне атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру мақсатында «Сауатты жарнама – тіл абыройы» облыстық байқауы өтті.

Бұл байқауға заңды мекемелердің жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлері, мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандар және тиісті (жергілікті) органдар арқылы тіл нормасы бұзылып ресімделген жарнамаларды және стильдік қатемен берілген аудио/ бейнежарнамаларды анықтап, түзету жұмыстарына атсалысқан 12 ақмолалық қатысты.

Байқауға қатысушылардың жұмыстарын мұқият зерттеген қазылар алқасының шешімімен жеке азаматтар санаты бойынша жүлделі ІІІ орынмен Целиноград ауданы, ІІ орынмен Ақкөл ауданы, І орынмен Көкшетау қаласының қатысушысы марапатталды. Ал заңды мекемелердің қызметкерлері арасынан жүлделі ІІ орын «ART-Көкше» ЖШС-не, ІІІ орын «Дизайн сити» ЖШС-не бұйырды.  Байқау нәтижесі бойынша барлық қатысушыларға тиісті дипломдар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 «Бұл байқаудың маңызы өте зор. Көшеге ілінетін жарнамалар өте сауатты жазылу керек. Ал тіл заңнамасы бұзылып ресімделген және емлелік қатемен берілген жарнамаларды түзету үлкен жұмысты қажет етеді. Сондықтан сауатсыз жарнамаларды түзетіп, байқауға қатысқан азаматтарды нағыз тіл жанашырлары деп айтуға болады», — деп өз ойымен бөлісті қазылар алқасының мүшесі Ұлмекен Тыныштыққызы.

Облыстық байқаудың жүлдегерлері дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Облыстық байқауда бірінші орынды иеленген жеңімпаз қыркүйек айының аяғында өтетін «Сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық байқауына қатысатын болады.

Яндекс.Метрика