Кері байланыс: қыркүйек айында жиі қойылған сұрақтарға жауаптар

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтармен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін барлық мүмкін болатын байланысу арналарын пайдаланады.

Халыққа қаржы реттеушісінің, қаржы ұйымдарының, реттелетін субъектілердің қызметі және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру мақсатында Агенттікте 2021 жылғы 24 мамырдан бастап мына нөмір бойынша call-орталық іске қосылды: +7 727 237 1000. Аталған call-орталық Агенттік 2020 жылғы наурызда пандемия және ТЖ кезінде іске қосқан жедел желінің жұмыс тәжірибесін ескере отырып жұмыс істейді. Жедел желі өзінің тиімділігін көрсетті: төлем мерзімін кейінге қалдыру тақырыбы және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша азаматтарға 24 мыңнан астам консультация берілді.

Қыркүйек айында Агенттіктің call-орталығына азаматтардан 1055 қоңырау келіп түсті. Іске қосылған сәттен бастап барлығы 3 мыңға жуық қоңырау өңделді. Call-орталық арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру мәселелері бойынша консультациялар ала алады. Сондай-ақ call-орталықтың көмегімен шұғыл сипаттағы мәселелерді тікелей қаржы және өзге де ұйымдармен жедел шешуге мүмкіндік туды.

Халықтың қаржы реттеушісімен кері байланысын нығайту және жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында Агенттікте 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Қыркүйек айында осы мессенджер арқылы пайдаланушылардың 150-ден астам сұрақтары өңделді, іске қосылған сәттен бастап барлығы 5 мыңнан астам сұрақ келіп түсті.

Негізінен Агенттікке осы байланыс арналары арқылы халықтан банктермен, МҚҰ-мен және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимылға қатысты сұрақтар келіп түседі. Қыркүйекте азаматтар белсенді түрде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыруға, кредиттік шарттардың талаптарын нақтылауға, пайдаланушының құпия деректерінің қорғалуына және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасауға байланысты сұрақтар қойды.

Сұрақ: Сіздердің Агенттік жүзеге асыратын Бағдарлама бойынша ипотеканы қалай қайта қаржыландыруға болады. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші.

Жауап: Қазақстанда 2015 жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) табысты іске асырылуда. Бағдарлама маңызды әлеуметтік сипатқа ие және жалғыз тұрғын үйді сақтауға, борыш жүктемесін төмендетуге және ипотекалық қарыз алушылар үшін валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталған. ХӘОТ санатындағы қарыз алушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Қарыздарды өтеу мәселесі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін айырықша маңызды, сондықтан азаматтардың бұл санаты Мемлекет басшысының ерекше бақылауында.

Бұл Бағдарламаның басты ерекшелігі – мұндай құжат алғаш рет барлық тараптардың қатысуымен жасалды. Жұмыс тобына қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қарыз алушылар, саяси партиялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Бұл Бағдарлама шын мәнінде танымал болды. Ол диалог режимінде құрылды, адамдар ымыраға келуге тырысты, олар бұл Бағдарламаның түпкі мақсаты адамдардың өздері тұратын үйді сақтап қалуға мүмкіндік беру болып табылатынын түсінді.

Бағдарлама үш бөлімнен тұрады. Оны жүзеге асыруға және ипотекалық қарыз алушыларды қолдауға Ұлттық Банк 286 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат қайтарымды болып табылады.

Бағдарламаның бірінші бөлімі 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыздар алған, жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген қарыз алушыларды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспайтын қайта қаржыландыруға бағытталған. Ұлттық Банк оны жүзеге асыруға 130 млрд теңге бөлді.

Бүгінгі таңда осы бөлім шеңберінде 176,6 млрд теңге сомаға 28 536 ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылды.

Бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты қазіргі уақытта қарыздарды қайта қаржыландыру бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түсетін ақша есебінен жүзеге асырылады. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, 2035 жылға дейін қайта қаржыландырылған қарыздар саны 40 мыңнан астам болуы мүмкін.

Бағдарлама шеңберінде ипотекалық қарыз алушылар негізгі қарыз бойынша берешекті айтарлықтай төмендетіп, жалғыз баспананы сақтап қалғанын атап өткім келеді. Қабылданған шаралардың арқасында бүгінде банктердің ипотекалық портфеліндегі проблемалық қарыздардың үлесі 30% — дан (2015 жылы) 7%-ға дейін төмендеді.

Бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, ол кейіннен ұзартылып, кеңейтілді, оған қарыз алушылар үшін жағдайды жақсартуға бағытталған өзгерістер, толықтырулар енгізілді. Кейіннен нарықтың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен қарыз алушылардың пікірін ескере отырып, валюталық ипотекалық қарыздар бойынша шешім табылды.

Мәселен, 2018 жылғы наурыз айынан бастап валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендетуге және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгемен қайта қаржыландыру арқылы валюталық бағамдардың ауытқуына тәуелділікті болдырмауға бағытталған Бағдарламаның екінші бөлімі іске асырылуда.

Банктерге бағамдық айырманы өтеуге Ұлттық Банк 111,4 млрд теңге бөлді.

Екінші бөлім шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – жылдық 3%, барлық қалған қарыз алушылар үшін – 12% жылдық сыйақы мөлшерлеме бойынша қайта қаржыландыру көзделген.

Бағдарламаның екінші бөлімін іске асыру нәтижелері бойынша Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін халықтың валюталық ипотекалық қарыздарының 100% — ы теңгеге айырбасталды. Нәтижесінде 27,2 мыңнан астам валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесі екі еседен жоғары төмендеді, ал елдегі валюталық ипотека нөлге дейін төмендеді.

2019 жылы Бағдарламаны іске асырудың жүйелі талдауы ХӘОТ-қа жататын қарыз алушылар, сондай-ақ жалғыз мүлкі қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебіне банктердің балансына өткен қарыз алушылар қосымша мемлекеттік қолдауға мұқтаж екенін көрсетті

Қазақстан Республикасының Президенті жоғарыда көрсетілген санатқа жататын ипотекалық қарыз алушыларды қолдауға бағытталған бірқатар қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды.

Нәтижесінде 2019 жылғы желтоқсанда Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, 2020 жылғы қаңтардан бастап банктер тараптардың келісімі бойынша қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жай-күйін талдау негізінде ХӘОТ санатындағы қарыз алушыларды оңалтудың мынадай қосымша тетіктерін қолдана алады:

— негізгі борышты азайту;

— ай сайынғы төлемі 3% — дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен 20 000 теңгеден басталатын және қарыз алушының табысын кемінде екі ең төмен күнкөріс деңгейінде сақтайтын жеңілдікті кестелер белгілеу.

Бағдарламаның аталған бағыты бойынша 6,2 мың қарыз алушыға 30,77 млрд теңге сомада қосымша көмек көрсетілді.

Қорыта келе, осы Бағдарламаның қолдауымен 48,5 мыңнан астам азамат жалғыз баспаналарын сақтап қалғанын және борыштық жүктемесін айтарлықтай төмендеткенін атап өткім келеді. Банктер Бағдарламаның 1 және 2-бөлімдері шеңберінде қарыз алушылардың 268 млрд теңге сомаға сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұл) және комиссиялар бойынша берешектерін кешірді.

Сұрақ: Бұдан бұрын реттеуші және банктер ХӘОТ қарыз алушыларды жалғыз баспанадан шығармау туралы меморандум жасады, ол әлі де қолданыста ма?

Жауап: ХӘОТ жататын қарыз алушыларды қорғау бойынша жүйелік жұмысты жүргізу мақсатында, 2021 жылғы мамырда қабылданған заңнамалық шараларды іске асыруда, осы санаттағы қарыз алушыларды қолдаудың қосымша шаралары пысықталды. Бұл үшін Агенттік банктермен, азаматтық қоғам институттарымен және Алматы қаласының Әкімшілігімен бірлесіп «Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойды.

ҚР Азаматтық кодексінің 7-бабы азаматтық құқықтар мен мiндеттердiң пайда болу, өзгеру және тоқтатылу негiздерiн айқындайды. Қазақстан Республикасы заңнамасының күшімен азаматтық-құқықтық салдарларға алып келетін әкiмшiлiк актілерден, сот шешімдерінен басқа және бұдан әрі азаматтық құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ оларда көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден пайда болады, өзгереді және тоқтатылады.

Бұл жағдайда, Меморандум заң фактісін белгілейтін заңгерлік құжат болып табылады, одан міндеттеме туындайды. Бұл жағдайда, банктер Меморандумның мазмұны бойынша қабылданған міндеттемелерді ерікті түрде орындауға тиіс. Осылайша, Меморандумда бекітілген мәселелерді реттеудің қандай да бір мәжбүрлеу тетіктеріне қажеттілік жоқ.

Меморандум бойынша жұмыс 2021 жылғы маусымнан бастап жүргізілді. Меморандум ерікті түрдегі акт болып табылады және тараптардың адал ынтымақтастыққа деген өзара ниетін білдіреді.

Меморандумның талаптарына сәйкес проблемалық берешекті реттеу кезеңінде банктер соттық қуынымдарды беруді, берешекті өндіріп алу бойынша атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа тікелей жүгінуді, сондай-ақ банктің балансына қабылданғанды қоса алғанда, ХӘОТ жататын азаматтардың жалғыз баспанасын сатуды және баспанадан қарыз алушыларды, оның ішінде банктің балансында тұрған осы мүліктің бұрынғы меншік иелерін шығаруды тоқтатады.

Сұрақ: Егер мен кредит ресімдеуге шешім қабылдасам, онда банк менеджері маған қарыз туралы толық ақпарат беруі керек пе? Банкпен шартқа қол қоймай тұрып мен қарыз алушы ретінде нені зерттеуім керек?

Жауап: қаржылық қызметтерді тұтынушылардың хабардар болуын арттыру мақсатында 2020 жылдан бастап қарыз шартына (кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке тұлғалар үшін) форматы барлық банктер үшін бірыңғай титул парағын көздейтін норма енгізілді. Титул парағында қарыз туралы негізгі ақпарат бар. Шарттың мәтіні титул парағынан кейін жазылған. Осылайша, сіз ресімдеуге шешім қабылдаған кредиттің негізгі шарттары туралы толық ақпаратты банктік қарыз шартын жасасқанға дейін алуыңыз керек.

Титул парағы мыналарды қамтуы тиіс:

  1. қарыз сомасы мен мерзімі;

  2. сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;

  3. жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;

  4. өтеу әдісі мен тәсілі;

  5. шартта қарыз алушының негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу құқығы болған кезде — осы құқықты іске асыру үшін қарыз алушының банкке тиісті өтінішпен жүгіну қажеттігі туралы ақпарат;

  6. шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақы (айыппұл, өсімпұл) мөлшері;

  7. қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін кешіктірудің туындау себептері, кірістері және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтініш беру құқығы туралы ақпарат.

Сондай-ақ шарт жасасу алдындағы жұмысты күшейту үшін банк шарттары талаптарының ашықтығын арттыру мақсатында банктік қарыз шарты жасалғанға дейін қарыз алушыға берілетін жадынаманың жаңа нысаны белгіленді.

Қарыз алушыларға арналған жадынама мыналарды қамтуы тиіс::

1.    қарыс сомасы мен валютасы;

2.    қарыз мерзімі;

3.    төлемдер саны;

4.    сыйақы мөлшерлемесінің түрі (тіркелген немесе өзгермелі), сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайыздағы немесе тіркелген сомадағы мөлшері;

5.  сыйақы мөлшерлемесінің дәйекті, жылдық, тиімді салыстырмалы есептеудегі мөлшері;

6.   қарыз берумен және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялардың және өзге де төлемдердің атауы мен мөлшері;

7.    өтелетін жалпы сома;

8.    сыйақының жиынтық сомасы;

9.    негізгі борыш пен сыйақыны уақтылы өтемегені үшін айыпақының (айыппұл, өсімпұл) мөлшері;

10. банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатсыз пайдаланғаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және т.б.);

11. сақтандыру шартын жасау қажеттілігі және оны ұзарту мерзімі;

12. банктің байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы, банк сайытының мекенжайы).

Жадынамада көрсетілген қарыз ұсыну талаптары болжамды болып табылады. Олардың мақсаты – клиент таңдаған банктің қарыз талаптарымен танысу және басқа банктердің қарыз талаптарымен салыстыру.

Түпкілікті талаптары шартта көрсетілетін болады. Сондықтан шартқа қол қою кезінде онымен тағы да мұқият танысу керек. 

Сұрақ: Деректерді жою керек пе және оны пайдаланбайтын немесе сатқыңыз келетін телефондардан қалай жасауға болады. Ол жердегі қандай ақпарат қаржы алаяқтарына қызықты болуы мүмкін?

Жауап: Технологиялар мен техниканың қарқынды дамуына байланысты көбіміз мезгіл-мезгіл смартфондар мен планшеттерді, флэш-дискілерді, компьютерлер мен ноутбуктерді ауыстырамыз. Бірақ сонымен бірге, құрылғыдан ақпаратты қалай жою керектігін көптеген адамдар білмейді немесе ұмытып кетеді. Құрылғыларыңызда қаскүнемдер пайдалана алатын көптеген жеке деректер сақталады.

Мысалы, мынадай деректер:

1. Тұрғылықты жеріңіз, жұмыс орныңыз, және қандай орындарға барасыз;

2. Отбасы мүшелерінің, достардың, әріптестердің байланыс деректері;

3. Телефон қоңырауларының, хат алмасулардың тарихы;

4. Орнатылған және бұрын орнатылған әртүрлі қосымшалар, оның ішінде банктік;

5. Веб-браузер беттеріне кіру тарихы, іздеу тарихы, интернет желісінен сақталған сайттар;

6. Жеке фотосуреттер, бейне және аудиожазбалар, жеке басты куәландыратын құжаттардың сканерлері (ЖСН, нөмір, серия), төлем карталарының фотосуреттері (толық деректемелер, оның ішінде артқы жағындағы үш таңбалы код);

7. Сақталған құпиясөздер;

8. Банктік шоттардың көшірмелері немесе электрондық үкіметтен анықтамалар;

9.  Сіздің денсаулығыңыз, жасыңыз, жүрек соғу жылдамдығы, жаттығу тарихы және қан қысымы туралы ақпарат.

Құрылғыны қалай иелік еткіңіз келетініне қарамастан (мысалы, жаңасына ауыстыру, сыйға тарту, отбасы мүшесіне беру, сату немесе тастау), алдымен одан барлық құпия ақпаратты жойыңыз. Деректерді жай ғана жою көбінесе жеткіліксіз, барлық ақпаратты құрылғыдан сенімді түрде өшірген дұрыс. Ең оңай жолы – құрылғыны зауыттық қалпына келтіру.

Apple iOS құрылғылары үшін: «Басқару – Жалпы – Бастапқы қалпына келтіру – Мазмұн мен баптауларды жою» жолымен қалпына келтіруге болады.

Android құрылғылары үшін: «Басқару – Құпиялылық – Бастапқы қалпына келтіру».

Қосылған жад карталары немесе қосымша жад құрылғылары құрылғы қалпына келтірілгеннен кейін оларға жазылған деректерді сақтауды жалғастыратынын ұмытпаңыз. Сондықтан оларды бөлек тазалау керек.

Тағы бір тәсілі бар, егер сіз жай ғана құрылғыны тастағыңыз келсе, алдымен құрылғыда барлық деректерді шифрлау қосылғанына көз жеткізуіңіз керек. Көптеген заманауи мобильді құрылғылар және операциялық жүйелерде шифрлау функциялары орнатылған, оларды іске қосу үшін сенімді коды бар экран құлпын қосу жеткілікті. Егер құрылғы Windows операциялық жүйесімен болса, онда BitLocker тегін шифрлау функциясын қоса аласыз.

Есіңізде болсын, SIM-карта да ақпаратты сақтайды. Егер сіз оны пайдалануды жалғастыруды жоспарламасаңыз, онда оны жою қажет болады.

Өзіңіздің жеке деректеріңізді сақтаңыз және оларды ешкімге, әсіресе құпия сөздерді, пин-кодтарды, SMS-кодтарды, төлем картасының толық деректемелерін хабарламаңыз! Қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

Яндекс.Метрика