Көкшетауда Семей ядролық полигонының жабылуына арналған халықаралық конференция өтті

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы аясында Көкшетау қаласында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Іс-шараны  «Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КЕАҚ қатысуымен Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы ұйымдастырды.

Конференция жұмысына ғылыми институттардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, беделді ғалымдар мен тарихшылар, саясаттанушылар, зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан, Ресей және Германиядан ядролық қарусыздану саласындағы сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Іс-шара қатысушыларын қарсы ала отырып, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова мемлекет Тәуелсіздігінің 30-жылдығында конференцияны өткізудің есте қаларлығын атап өтті.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласындағы қызметі жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аса зор рөл атқарды. Біздің еліміз әлемде көлемі жағынан екінші ядролық сынақ полигонын жапқан және қуаты жағынан төртінші әскери ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болды. Осылайша, Қазақстан ядролық қарусыздану мәселелеріндегі ашықтық күшін бүкіл әлемге өзінің сыртқы саясатының маңызды қағидаттарының біріне айналдыра отырып, өз тәжірибесінде көрсетті», — деді Алтынай Әміренова.

Конференция барысында Қазақстанның қоғамдық-саяси қайраткері, ақын, жазушы, «Невада — Семипалатинск» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Хусейн Гадаборшев (Карлсруэ қ., Германия), Шешен Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Ибрагим Керимов, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Қазақстанның «Вайнах» шешендер мен ингуштердің республикалық қауымдастығының басқарма мүшесі Юсуп Келигов, Мәскеу физика-техникалық институтының жоғары энергиялар физикасы зертханасының меңгерушісі Тагир Аушев, РАЕ академигі, биология ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ауыл шаруашылығы кафедрасының профессоры Әбілжан Құсайынов және басқалар сөз сөйледі.

Қатысушылар өз сөздерінде Семей ядролық полигонының қоршаған ортаға, адам денсаулығына әсері, полигонды жабудың тарихи фактілері, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ядролық қаруды таратпау саласындағы рөлі туралы айтты.

Айта кетейік, Семей ядролық полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен жабылды. 1949-1989 жылдар аралығында полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді.

Яндекс.Метрика