Көкшетауда «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі өтеді

Ағымдағы жылдың 12-14 қазаны аралығында Көкшетауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы арналған  «Сәлем, Елорда!» аймақтық өнер шеруі өтеді, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

 Аймақтық өнер керуені «Сәлем, Елорда!» тақырыбымен екінші республикалық өнер шеруі аясында өтеді.

Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының мәліметі бойынша, жоба бағдарламасына облыстық филармонияларда SММ, арт-менеджмент және хореография саласындағы мамандар үшін,                   сондай-ақ кітапхана басшылары үшін үш күндік мастер-кластар енгізілді.

Бүгін «Көкшетау» мәдениет сарайында өңірлік делегациялардың қатысуымен іс-шараның  салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кешке Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Тендерге түскен келіншек» спектаклі көрсетіледі.

13 қазанда Ақмола облысының хореографиялық ұжымдарының концерті ұсынылады.

«14 қазанда барлық өңірлердегі халық шығармашылығын дамыту орталықтары, филармония және концерттік ұйымдар басшыларының көшпелі жиналысы өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі шеруге қатысушыларымен консультативтік жиналыс өткізеді», – хабарлады ведомстводан.

Өнер шеруі «Көкшетау» мәдениет сарайында гала-концертпен аяқталады.

Айта кетсек, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен «Көкшетау қаласына – Қазақстанның мәдени астанасы» мәртебесі берілді. Осыған орай, Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы еліміздің 16 өңірімен бірлесіп, іс-шаралар жоспары бойынша Жол картасына 500 іс-шара енгізді. Бүгінгі таңда бұл шаралардың 200-ден астамы өткізілді.

Яндекс.Метрика