Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің магистранттары мен оқытушылары шетелдік профессорлардан дәріс алып, білім көкжиектерін кеңейтіп жатыр. Жыл басынан бері олар онлайн және офлайн форматта 13 шет ел профессорымен кездескен. Нәтижесінде, білімдерін шыңдап қана қоймай, өз мамандықтарының қыр-сырын, басқа мемлекеттерде жұмыстың қалай жүргізілетінін білді.
Көкшетау мемлекеттік университетінде 2024 жылға арналған интернациализация стратегиясы жұмыс істейді. Көздегені шетелдің танымал жоғары оқу орнымен әріптестікті нығайту. Бұл мақсатқа Білім және ғылым министрлігі қаржылай қолдау білдіріп отыр. Нәтижесінде, тек биылғы жылдың өзінде көкшетаулық тәлімгерлер мен студенттер 4 шетелдік профессормен кездескен.
Шет елден арнайы шақыртылған профессорлардың бірі венгриялық Золтан Бузади. Будапешттің орталық Еуропалық университетінің тәлімгері. Экономика ғылымдарының докторы. Оның авторлық дәрісіне жоғарғы оқу орнының магистранттары мен докторанттары және Ш.Уәлиханов университетімен әріптестік орнатқан 7 компанияның қызметкерлері қатысады. Курс аяқталғаннан кейін педагогтарға сертификаттар беріледі.
Университет өз қаражатына да шетел профессорларын шақырып, кездесулер ұйымдастырып тұрады. Мәселен, биыл оннан астам онлайн және офлайн кездесулер өткізіпті. Олар ауыл шаруашылығы, педагогика, бизнес мектебі, жоғары медицина сынды түрлі бағыттарды қамтыған. Жоғары оқу орнының басшылығы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімде.