3-желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні. Осыған орай, облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын, өтініштерін тыңдады. Дөңгелек үстел барысында мүгедектерге көрсетіліп жатқан қолдауларға шолу жасалып, оларды алаңдататын біршама мәселелрдің шешілу жолдары қарастырылды.
Қазіргі қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша көңіл бөлінуде. Олардың қажеттіліктеріне бюджеттен бөлінетін қаражат та жыл санап артып келеді. Мәселен, соңғы бес жылда аталмыш қаржының көлемі екі есеге өскен. Бұл бағытта, Ақмола облысы республика бойынша көш бастап тұр,-дейді Ермек Маржықпаев.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту – ең өзекті тақырып. Соңғы 5 жылда өңірде 3000нан астам мүгедек тұрақты жұмысқа алынған. «Бастау-бизнес» жобасы арқылы 162 адам білім алып, жартысынан көбі өз кәсібін ашты. Бұдан қалды, Көкшетауда 150 орынға шақталған оңалту орталығы ашылады деп күтілуде. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаты дайын. Нысанның құрылысына, шамамен, 1 млрд теңге қаражат жұмсалмақ.
Осы күні әр ұйым алдында тұрған басты міндет: мүгедектерді арнайы таксимен және жұмыспен қамту. Мәселен, Степногорск қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке тарту қиындау болса, жарқайыңдықтардың 46 проценті екі қолға бір күрек тапқан. Алайда, оның өзі аздық етеді деген жиын қатысушылары Ермек Маржықпаевқа мүгедектерді мемлекеттік қызметке, ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру қажеттігін айтты. Жиналғандардың өтініштерін тыңдаған өңір басшысы әр мәселенің оң шешімін табатынына көмегін аямайтынын жеткізді.
Шара соңында мүмкіндігі шектеулі жандардың жоғын жоқтап, құқықтарын қорғап жүрген ақмолалықтар ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің және облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың алғыс хаттарымен марапатталды.