Мәжілістің кезекті пленарлық отырысында «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының депутаттары Премьер-министр Ә.Смайыловқа елордада электр энергиясы тарифінің көтерілуіне жол бермеу туралы сауал жолдады. ҚХП депутаты Ж.Ахметбеков сарапшылардың пікіріне сүйеніп, елде ЖІӨ өткен жылмен салыстырғанда 0,9%-ға төмендеуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жағдай азаматтардың әл-ауқатына соққы болып тиеді.
– Елордада адамдардың қазіргі қаржылық жағдайына қарамастан, коммуналдық қызметтің тарифтік құнын арттыру жоспарланып отыр. Бұл шешім тұрғындардың наразылығын туғызады және өңірдің қоғамдық-саяси тұрақтылығына теріс әсер етеді, – деді депутат.
Мәжілісмен монополист «Астана-АЭК»АҚ электр энергиясының тарифтерін жасанды түрде қалай көтеретінін әшкерелейтін қызықты фактілерді жариялады.
«Астанаэнергосервис» АҚ 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының тапсырмасы бойынша жүргізген энергетикалық сараптама барысында 2014-2018 жылдар аралығында «Астана-АЭК» АҚ «АЭҮК» АҚ-дан 2,5 млрд теңгеге
электр энергиясын беру және бөлу бойынша қызметтерді сатып алғанын анықтады. Жүргізілген талдау қалалық энергетикалық тораптардың «АЭҮК» АҚ жеке компаниясының желілерін пайдаланбауға техникалық мүмкіндігі бар екенін көрсетті.
– Алайда «Астана-АЭК» АҚ 2014 жылдан бастап «АЭҮК» АҚ электр энергиясының транзитін негізсіз пайдалануды жалғастырып отыр. Бұл соңғы тұтынушы үшін тарифті жасанды түрде арттырады және «АЭҮК» АҚ жеке компаниясының негізсіз пайда алуына ықпал етеді, – деп мәлімдеді Ж.Ахметбеков.
Депутат монополияға қарсы орган квт/сағ үшін 3,25 теңге мөлшерінде тариф бекіткенін, ал «АЭҮК» АҚ жеке компаниясы үшін тариф жергілікті тарифтен әлдеқайда асып түсетінін және квт/сағ үшін 4,85 теңгені құрайтынын хабарлады.
2020 жылғы тамызда Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Б. Мырзакеров Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне «АЭҮК» АҚ жеке компаниясының қызметінен бас тарту және қала тұрғындарының жылына шамамен 5,8 млрд теңге шығынын үнемдеу туралы талап қойды. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай шара қабылданбады. Елорда тұрғындарының тариф бойынша «АЭҮК»АҚ жеке компаниясының пайдасына артық төлем төлеуі күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.
ҚХП баспасөз қызметі