Қауіпсіздік ережелері туралы ұмытпау керек!

Бүгінгі таңда облыс аумағында балық аулау және аң аулау маусымы жалғасуда. Сондықтан да су қоймаларында балық аулау әуесқойлары белсенділік танытып жүр. Алайда, сақтық шараларын ұмытқандары көп. Барлық алдын алу жұмыстарына қарамастан, жазатайым оқиғалар орын алуда. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін алдымен мұздағы қауіпсіздік шараларын оқып үйрену және сақтау керек, — дейді мамандар.

Ақмола облысының аумағында барлығы 500-ден аса су айдыны бар. Олар демалу және балық аулау үшін қолданылады. Күнделікті профилактиканы жүргізу физикалық тұрғыдан мүмкін емес, — дейді құтқарушылар.  Сол себепті, олар тұрғындарды қауіпсіздік ережелеріне ерекше назар аударуға шақырады.

Аңшылық және балық аулау маусымы басталғаннан бері Департамент қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу жасауда. Алдын алу шаралары әлі де жалғасуда. Мәселен, полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп 896 рейд және патрульдеу жұмыстары қолға алынған.

Бұдан басқа, мамандар WhatsApp мобильді қосымшасындағы балықшылардың чатына сақтық шаралары туралы хабарламалар жіберіп тұрады. Мәтінде ауа райы болжамы мен мұздағы жүріс-тұрыс ережелері жазылады. Балық аулау және аң аулау алдында спирттік ішімдіктер мен есірткі заттарын қолдануға болмайды! Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» нөмірі бойынша құтқару қызметіне қоңырау шалыңыз.

Яндекс.Метрика