Домой Общество Ақмолалық қыздар құрама командасы «Бес асықтан» 1-ші орынды иеленді

Ақмолалық қыздар құрама командасы «Бес асықтан» 1-ші орынды иеленді

665
0

Сақаларын сайлап, асық ойынына жаны құмар жандар үшін жақсы жаңалық. Енді, ұлттық ойын шеберлеріне «Спорт шебері» дәрежелік атағы беріледі. Қазақы қазығымызға бағыт алғанымыздың жаңғыруы осы десек артық емес. Тағы бір қуантарлығы, таяуда ақмолалық «Асық ату» мен «Бес асық» мергендерінің асығы алшынынан түсті. Төрт жылда бір өтетін «Ақбидай» республикалық VII ауыл спорты ойындарында өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте жүлдемен оралды.

Бұл жолы «Ақбидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары Ақтау қаласында өтті. Ақмолалық қыздар құрама командасы «Бес асықтан» 1-ші орынды иеленсе, «Асық атудан» ұлдар командасы 3-ші жүлделі орынды қанжығасына байлады. Жаттықтырушының айтуынша, бұл додаға спортшылар 1 жыл дайындалыпты. Нәтиже керемет! Олар ресми түрде «Спорт шебері» атанды. Иә, соңғы уақытта мемлекет тарапынан ұлттық ойынға жіті көңіл бөлініп, жағдай жасалуы көңілге медеу. Үлкен жарыстар мен ел біріншіліктері өтуде. Тіпті, асық ойынының федерациясы құрылып, ереже бекітілді. Осылайша, асық ойыны да ортаға оралып, өз ойыншыларын табуда.

Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа баулиды. Әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттыратыны анық. Осы орайда өңірде «асық ату» мектеп бағдарламасына қосылды. «Болашақ сарайында» да тегін үйірмелер жұмыс істейді. 4-7, 9-10 сыныптың оқушылары қатысады. Олар да алда түрлі біріншіліктерге қатысып, жүлде алудан үмітті.

Қазір үйірмеге қатысушылар қараша айында Есіл ауданында өтетін облыстық жарысқа дайындық үстінде.

Если вы хотите поддержать Kokshetau.asia, то вы можете сделать перечисление на любую сумму