Ақмола облысында алғаш рет мектеп директорлары арасында пікірсайыс турнир өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өңірде алғаш рет облыстың жалпы орта білім беру ұйымдарының жас басшылары арасында «Тәуелсіздік жолындағы жаңа менеджер» облыстық пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Іс-шара азаматтық ұстанымды қалыптастыру, басшылардың зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін, зерттеу, коммуникативтік дағдыларын дамыту, дебаттық, сындарлы пікірталастарды насихаттау, жалпы білім беретін мектеп директорлары арасында тәжірибе алмасуға жәрдемдесу мақсатында өткізілді.

Шешендік және өз ойлары мен көзқарастарын дәлелдей білуде облыстың 14 ауданы мен қаласынан 15 команда жарысты.

Турнир қорытындысы бойынша Бурабай ауданының қазақ лигасындағы және Бұланды ауданының орыс лигасындағы командалары жеңімпаз атанды.

Үздік спикерлер ретінде Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы IT лицейінің директоры Әйгерім Қошанова мен Гранитный кентіндегі негізгі орта мектептің директоры Ержан Саликов анықталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облысы Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағының ұйымы» қоғамдық бірлестігінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Біздің облыста жалпы білім беретін оқу орындарының басшылары арасында пікірсайыс турнир алғаш рет өткізіліп отыр. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Барлық командалар қызықты ойын көрсетіп, дайындықтың жақсы деңгейін көрсетті», — деп атап өтті турнир қатысушысы Қайрат Қожахметов.

Айта кетейік, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары 9-10 желтоқсанда Атырауда өтетін республикалық пікірсайыс турнирінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.

Яндекс.Метрика