Домой Новости области Ақмола облысында 742 шақырым жол жөнделді

Ақмола облысында 742 шақырым жол жөнделді

412
0

Өңірде жол инфрақұрылымын дамыту ерекше бақылауда. Ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылында облыста автомобиль жолдарының жергілікті желісін жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Жолдар  «Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу», «Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары», «Шет аймақтарды дамыту», «Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту бағдарламасы», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары және «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша ретке келтірілді.

Облыстық, аудандық маңызы бар 742 км автожол және елді мекендердің көше-жол желісі жөнделді. Жобалардың ең көп саны Атбасар, Аршалы, Бурабай, Біржан Сал, Егіндікөл, Зеренді, Жақсы, Қорғалжын, Сандықтау, Шортанды аудандарында және Степногорск, Көкшетау қалаларында аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге бағытталған. Қалған 7 жоба облыстық маңызы бар жолдарда жүзеге асырылуда.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Әділ Әнуарбековтың айтуынша, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 82% — ға дейін артты.

«Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын және көше-жол желісін салу, жөндеу бойынша 230 жоба іске асырылды, олардың 180 биыл аяқталды. Жоспарланған жобаларды іске асыру нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі бойынша ағымдағы жылдың жоспарлы көрсеткіші 82% — ды құрады», — деп атап өтті спикер.

Атбасар-Сочинское және Есіл-Свободное-Раздольное автожолдарында 2 апатты көпірдің құрылысы бойынша ірі жобаларды іске асыру басталды.

Елорда маңындағы ауылдарда елордаға іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 54,2 км жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды.

«Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 118 км жол және «Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту» бағдарламасы бойынша 32 км автожол жөнделді.

Ақмола облысының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 7 890,5 км, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 5 626 км құрайды.