Қазақстан көпұлтты мемлекет. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Ел аумағын мекен еткен диаспора өкілдері Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап мемлекеттің өркендеуіне ерекше үлес қосып келеді. Республика көлеміндегі мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүреді. Олардың ішінде татар ұлты да бар. 1990 жылдың 17 наурызында Көкшетау қаласында татар мәдениеті орталығын құруға қатысты алғашқы құрылтай конференциясы өтті.
1990 жылы этно-мәдени бірлестік белсенділерінің бастамасымен әуесқой әртістердің шығармашылық ұжымын құру идеясы пайда болды. Онда түрлі жастағы өнерпаздар өз өнерлерін көрсетуге атсалысты. Ең бастысы, бұл ұжымда татар халқының әні, биі және салт-дәстүрі дәріптеледі. Осылайша «Ғалиябану» татар фольклорлық ансамблі дүниеге келді. Ансамбль белсенділерінің бірі- Сарвар Мубаракшина. Ол топ құрылған сәттен күні бүгінге дейін барлық іс-шаралардың белсаенді қатысушысы.
Шығармашылық ұжым 30 жылдан астам уақытта үлкен жетістіктерге жетті. 2018 жылы «ҒалияБану» ансамблі халықтық ұжым атағына ие болды, осы арқылы халықаралық деңгейге шықты. Бүгінгі күні ұжымның әртістері көптеген іс-шаралар мен байқауларға дайындалуда.
Ұжымның белсенді мүшелері республикалық деңгейде өткізілетін сабантойларға қатысады. Татар ұлты көп шоғырланған Атбасар, Щучинск, Степногорск, Қызылту, Степняк, Имантау сияқты өңірлерге концерттік бағдарламалармен шығып тұрады. Көрерменнің ықыласына бөленіп, көзайымына айналу ансамбль мүшелерінің басты мақсаты.