204 rob
Фотосурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
2023 жылғы 23-24 қараша аралығында елімізде басқару штабы Петропавл қаласында орналасқан «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қыс-2023» оқу-жаттығуы функционалдық міндеттерді орындау кезінде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюға дайындау және азаматтық қорғау күштерін басқару жөніндегі мәселелерді пысықтаумен екі кезеңде өткізілді.
Оқу-жаттығу кезінде тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі апаттар қаупіне байланысты практикалық іс-шаралар пысықталды. Петропавл қаласының «СевКазЭнерго» АҚ ЖЭО-2 аумағында объектінің авариялық командаларының күштері мен құралдары сапқа тұрды. Шартты ТЖ орын алған Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінің полигонында теміржолда көп қардың жиналуы нәтижесінде күшті әсер ететін улы заты бар цистернаның рельстерінен түсуі орын алып, бұл тұрғын үй секторына улы газдардың таралу қаупін туғызып, оның алдын алу іс – қимылдары пысықталды. Сонымен қатар жаттығу сценарийі бойынша салынып жатқан 9 қабатты үйде тұрғындарға қауіп төндіретін бірқатар төтенше жағдайлар орын алды.
Республика бойынша ТЖ жою бойынша іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, қысқы кезеңдегі ТЖ ден қою және жою бойынша авариялық-құтқару қызметтері бөлімшелерінің практикалық іс-қимылдары өткізілді.
Тиісті азаматтық қорғау қызметтері қысқы кезеңге дайындық бойынша алдын алу шараларының кешенін жүргізеді. Осылайша, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде авариялық жағдайлар туындаған жағдайда электрмен жабдықтаудың дербес көздері дайындалды. Сондай-ақ, қысқы кезеңде көмір, дизель отыны, бензин және инертті материал қоры дайындалды.
Автокөлік жиналатын 8 мыңнан астам күрделі қарлы учаскелер, оның ішінде 2,7 мың км. республикалық маңызы бар жол және 5,8 мың км. жергілікті маңызы бар жол анықталды. Жол қызметтері жолдардың неғұрлым қарлы учаскелерінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың 168 шақырымына қар ұстайтын қалқандар орнатты.
Қыс мезгілінде зардап шеккен адамдар үшін жолдарда 608 жылыту пункті дайындалды. Сонымен қатар, қолданыстағы 40 трассалық медициналық-құтқару пункттері жылыту пункттері ретінде пайдаланылатын болады.
Жалпы саны 33,8 мың адам және 12 мың бірлік құтқару, қар тазалау, инженерлік және басқа да жоғары өтімді техникасы бар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының жиынтық республикалық топтамасы бекітілді.
Бағынысты күштерді басқару кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын пысықтау оқу-жаттығу жоспарына сәйкес жүргізілді. «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуында айқындалған оқу мақсаттарына қол жеткізілді.
Источник: qazaq.asia