Қыран болмысты Құрманғали

Қыран болмысты Құрманғали

202 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жедел елордалық құрамаға барған алғашқы сапарында Ұлттық ұланды нағыз ерлік пен патриотизм мектебі деп атаған болатын.

Мемлекет басшысы бұл сөзді бекер айтқан жоқ. Осы уақытқа дейін 270 әскери қызметші көрсеткен ерліктері мен жанқиярлығы, Отанға деген риясыз адалдығы үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын.

Жауынгерлік дәстүр өз жалғасын тауып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сирия Араб Республикасы мен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық ұлан авиациясы 2023 жылғы 10-26 ақпан аралығында гуманитарлық жүктерді жеткізу бойынша әуеге көтерілді.

Ұлттық ұланның әуе кемесі зілзала болған орынға барып, жергілікті тұрғындарға көмек қолын созды. 3656 әскери бөлімінің авиациялық жасақ кемесінің командирі майор Құрманғали Топанов бастаған ұшқыштар құрамы түн ішінде әуе кемесін қондырып, ұшыру арқылы  көзсіз ерлікке барды. 

Мұның бұл ерліктері басшылық тарапынан ескерусіз қалмады. Әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны, сондай-ақ гуманитарлық көмекті жеткізу жөніндегі арнайы міндеттерді орындау кезінде көрсеткен кәсібилігі үшін ҚР Президентінің 2023 жылғы 24 ақпандағы № 131 Жарлығымен ҚР Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінің авиациялық жасағы кемесінің командирі майор Құрманғали Топанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ұландық ұшқыш майор Құрманғали Топановты бірі білсе, енді бірі білмес. Сондықтан ұландық қаһармандардың қатарын жаңа толтырған қыран болмысты Құрманғалиды сөзге тартып, аз-кем ойымен бөлістік.

Бала Құрманғали Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Жолдыбай ауылында дүниеге келген. Балалық бал дәурен шағы әкесі Сатыбай Топаұлы мен анасы Жәмилә Төлеуханқызының қолында өтті. Үш ағайынды болып өсті. Құрманғали балалардың үлкені, артынан бір інісі мен қарындасы ерді.

Ата-анасының тұла бойы тұңғышы ретінде жауапкершілігі мол бала болып өсті. Әкесі инженер-механик, анасы бухгалтер ретінде күні бойы жұмыста. Құрманғали  артынан ерген іні-қарындастарына бас-көз болып өсті. Мектепті аяқтағанда өзі армандаған ұшқыш мамандығына түсуге бел буады. Әкесі Сатыбай ақсақал бірден қолдау көрсетсе, анасы дәрігер мамандығын ұсынып көрген болатын. Алайда, кейіпкеріміз ол ойға үзілді-кесілді қарсы болып, өзінің ұшқыш мамандығына түсетінін айтыпты. Сонымен тағдырдың жазуымен Ақтөбе қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы  Жоғары әскери авиациялық училищеге оқуға түседі. Атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов Құрманғали Сатайұлының өмірінде үлкен орын алған. Батыр бабаның ерліктері оны көкке көтерілетін әскери ұшқыш болуға ынталандырды.

–  Ақтөбе облысының ауа райы техниканының жоғары көтерілуіне қолайлы. Кезінде ғалымдар әдейі осы өңірді таңдапты. Себебі жыл бойында аспан ашық. Біздің курсанттық кезіміз осы өңірде өтті. Ұшқыш болу үшін физикалық тұрғыдан мығым болуың шарт. Сонымен қатар, физика, математика секілді нақты ғылымдарды білген жөн, – дейді кейіпкеріміз.

Курсант кезі тек білімді жетілдірумен, көк аспанды ұшақпен бағындырумен шектелмеді. Осы оқу орында жүріп Шынарай есімді жас арудың жүрегін де бағындырыпты. Сол жылы танысқан екі жас бүгінде отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеуде. Ал кейіпкеріміз оқудан кейін өзінің әскери қызметін Ұлттық ұлан қатарынан бастады. Бүгінде 3656 әскери бөлімінің авиациялық жасағы кемесінің командирі.

Айтып өту керек, кейіпкеріміз жуырда тағы бір әскери тапсырманы сәтті орындады. ҚР Ұлттық ұланының бортымен Ауғанстанға гуманитарлық көмекті сәтті жеткізді. Естеріңізде болса, қазақстандық әскерилер мен құтқарушылар Ауғанстан Ислам Әмірлігіндегі жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсеткен еді.

Майор Құрманғали Топанов бастаған экипаж 1300 шақырым әуе кеңістігін ұшып өтіп, Герат провинциясына медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек аппараттары, сондай-ақ шатырлар түріндегі гуманитарлық жүкті жеткізді.

Герат провинциясының билігі қазақстандық ұландықтарға гуманитарлық жүктерді жедел жеткізгені және ауған халқына қиын уақытта қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

– Қазақстан Республикасының  Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және қазақ еліне апаттан зардап шеккен ауған халқына көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Гуманитарлық көмек, сонымен қатар, Өзбекстан, Араб Әмірліктері мен Түркия Республикасынан да келді, – деді Ауған халқының атынан Абдул Сатар.

Ал, кейіпкеріміз майор Құрманғали Топанов болса мұны қалыпты қызметке балайды. «Менің орнымда болса, кез келген әскери қызметші осындай ерлік жасайтынына кәміл сенемін. Өйткені, Ұлттық ұлан әскері халыққа бірінші болып көмек қолын созатын әскер түрі», – дейді ол.

Ішкі әскерлердің бұрынғы қолбасшысы, ұстазым генерал-полковник Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов «Халық Қаһарманы» атағымен марапатталғанын, сондай-ақ, біз Ұлттық ұлан қатарында «Халық Қаһарманы» генерал-майор Қайрат Үмбетов қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз. Ал III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Ербол Отарбаевқа  «Алтыншы бекет» атауымен көркем фильм арналған. Ақтөбеде қылмыскерлермен ұрыс кезінде жараланған сарбаздар бүгінде келісімшарт бойынша қызмет етеді. Олардың біреуі Сырым Сүндет офицер болды. Қуаныштысы сол, біздің әскери қызметкерлер өздерінің жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып,  адам өмірін құтқарып, өз жанын қауіпке тігуге жауынгерлік тапсырмаларды орындайды.

Бүгінде Ұлттық ұлан – құқықтық тәртіп пен ішкі тұрақтылықтың мызғымас тірегі, ел азаматтарының қауіпсіздігінің кепілі. Құқықтық тәртіп әскерлерінің барлық әскери қызметшілеріне халқымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты жолындағы мінсіз қызмет атқарып келеді. Ал, майор Құрманғали Топанов болса, сол ерлік дәстүрін жалғастырушы, айбынды жауынгерлердің қатарын толықтырған әскери қызметші.

Подполковник Дарын Сейітов

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика