271 rob
Фотосурет: Қарағанды облысының әкімдігі
Топар кентінде 9 қарашада сібір жарасы бойынша карантин алынып тасталды. Шектеу шаралары кезінде елді мекенде халық пен мал арасында инфекцияның жаңа жағдайлары тіркелген жоқ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сібір жарасы бойынша карантинді алып тастау туралы шешімді заңға сәйкес Топар кентінің әкімі Абай аудандық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы негізінде қабылдады.
– Топар кентінде 9 қарашадан бастап карантин алынып тасталды. Шектеу шаралары кезінде арнайы пеште дерт анықталған өгізшенің еті жойылды, барлық қажетті алдын алу шаралары жүргізілді. Аулаларды аралау және дезинфекциялау жүргізілді, барлық мал вакцинацияланды, халықпен әңгіме жүргізілді. Адамдар мен мал арасында инфекцияның жаңа жағдайлары анықталған жоқ. Бірақ жағдай бақылауда болады, – деді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев.
Сондай-ақ, ол вакцинациядан соң малды 14 күннен кейін ғана қатаң түрде тек арнайы белгіленген жерде және ветеринардың қарауынан кейін союға болатынын ескертті. Ауру жануарларды союға тыйым салынады.
Естеріңізге сала кетейік, Топар кентінде аулалардың бірінде сібір жарасы анықталған болатын. Абай қаласы тарапынан кентке кіре берісте автомобильдерді санитарлық өңдеуге арналған бекет орнатылды. Карантиндік шараларды сақтау үшін Жартас ауылынан кентке екінші кіреберіс жабылды. Сонымен қатар, мал, ет және сүт өнімдерін әкелуге және шығаруға тыйым салынды, мал союға және жем мен жемшөп қоспаларын сыртқа шығаруға тыйым салынды.
Источник: qazaq.asia