283 Арман
Teach for Qazaqstan – Teach for All жаһандық білім беру желісінің ресми серіктесі, жобаға жаңа қатысушыларды қабылдайтыны туралы хабарлайды. 2023 жылдың қаңтарында басталған бағдарлама 3000 адамның ішінен 30 мұғалімді іріктеп, оқытып, Қарағанды облысына жіберді. 2024 жылдың 5 қаңтарына дейін жалғасатын жобаның екінші легіне өтінім беру басталды.
Әлемнің 60-тан астам елінде жүзеге асырылып жатқан қоғамдық ұйымдардың миссиясы – түрлі саладағы мамандарды тарта отырып, оларды одан әрі педагог етіп қайта даярлау. Жобаға қатысушылар 2 жылға толық қаржылық, коучингтік және әдістемелік қолдаумен, еліміздің аймақтық мектептеріне ресми жұмысқа орналасады. Осылайша «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қоры білім берудегі теңсіздікті азайтуға және сапалы білімге қол жеткізе алмайтын балалардың әлеуетін ашуға ұмтылады. Мұғалімдікке әртүрлі сала мамандары, педагогикалық және педагогикалық емес мамандықтары бар ЖОО түлектері үміткер бола алады. Мұғалім болып жұмыс істейтіндер немесе оқытушылық тәжірибесі барлар іріктеуге қатыса алмайды. Бағдарламаның ерекшелігі – бұрын мектепте жұмыс істемегендерді педагогикалық қайта даярлаудан өткізу, бұл ретте білім беру орталықтарының репититорлары немесе колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары іріктеуге қатыса алады.
Teach for Qazaqstan бағдарламасы аясында мұғалімдерді педагогикалық қайта даярлау Қазақстан Республикасының заңнамасына сай МЖБС (мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты) және «Педагог» кәсіптік стандартына сәйкес келеді.
Teach for Qazaqstan бағдарламасының қандай артықшылықтары бар?
Бағдарламаның финалистері Қордың серіктес мектебімен келісімшартқа отырады. Сонымен қатар 2 жыл бойы оларға TFQ тарапынан онлайн және офлайн форматта әдістемелік және оқыту бойынша көмек көрсетіледі. Қатысушыларға жалақысына қосымша 300 000 теңге көлемінде ай сайын стипендия беріліп тұрады. Қатысушылар оқытушы ретінде жұмыс істеумен қатар қоғамдық жұмыстармен де айналыса алады, мәдени-ағартушылық жобаларды іске қосады. Teach for Qazaqstan бұл жағдайда консультант болып, серіктестер пен инвесторларды тартуға көмектеседі. Екі жылдық шарт аяқталғаннан кейін TFQ бағдарламасының түлектері автоматты түрде әлемдік білім беру желісінің мүшесіне айналады. (Teach for All ұйымының мәліметі бойынша жоба түлектерінің 70%-ы бірінші біліміне қарамастан, білім беру жүйесінде қалады және білім берудегі теңсіздікті жоюға белсенді түрде қатысады).
Қазақстандағы McKinsey&Company компаниясы Teach for Qazaqstan коммерциялық емес жобасын алғашқылардың бірі болып қолдады. Сонымен қатар Freedom Holding Corp. бағдарламаның ресми демеушісі. Teach for Qazaqstan Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен, Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігімен ынтымақтасады.
Источник: qazaq.asia