140 rob
Фотосурет: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу өзекті мәселеге айналды. Өйткені, зорлық-зомбылық бір отбасына ғана әсер етіп қоймай, жалпы қоғамның тұрақтылығына және отбасылық тәртіптің бұзылуына алып келеді. Міне, осы мәселелер Семей қаласында талқыға салынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Семей қаласы гарнизондық офицерлер үйінде өткен отбасылық зорлық – зомбылықтың алдын алу бойынша жиынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі өткізді.
Басқосуға әскери бөлімдер мен мектеп психологтары, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы қатысты. Ал Өскемен, Аягөз, Павлодар, Үшарал гарнизондары онлайн жүйесі арқылы қатысты.
Басқосуды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжанова ашты. Ол мемлекет басшысының Қазақстан Халқына жолдауында отбасылық зорлық – зомбылық туралы баса айтылғанын жеткізіп, әскери қызметшілердің отбасыларында зорлық – зомбылық мәселесі болмау керек екенін тілге тиек етті.
Бүгінгі жиынның мақсаты зорлық-зомбылыққа душар болу қаупі бар, кәмелетке толмаған балалары бар әскери қызметшілерді бақылауға алу мәселелерін талқылау және осы жұмысқа құқылы мемлекеттік органдармен келер жылға бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспарын құру. Тағы да талқыланатын мәселе, отбасындағы, қоғамдағы және мектептегі зорлық-зомбылық ретінде бағаланатын іс-әрекеттердің түрлерін әскери қызметшілердің балалары оқитын мектептің психологтарымен, кәмелетке жасы толмаған балалар инспекторларымен және учаскелік полиция қызметкерлерімен талқылап, ары қарай өзара іс-шаралар ұйымдастырылатын болады, — дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжанова.
Келесіде сөз алған Әуезов полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Жанарбек Мандиев, бала тәрбиесінде назардан ештеңені тыс қалдыруға болмайтынын, сондықтан ата-анамен бірлесе отырып бала мүддесі үшін қызмет ету керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, баланың құқығын қорғау, зорлық – зомбылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қатыгездікке жол бермеу жүйелі іске асырылуы керек.
— Зорлық – зомбылыққа душар болған бала өзінің іс әрекетімен, мінезімен байқалады. Тәрбие отбасынан басталуы керек. Отбасындағы ата-ананың зорлық — зомбылығын, ұрыс керісті, төбелесті көріп психологиялық физикалық қатыгездікке ұшырап өскен бала үнемі ашу-ыза мен агрессияда жүреді. Бірлесе жұмыс жасау арқылы осының барлығының алдын алуға болады, — дейді полиция майоры Жанарбек Мандиев.
Ал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, полиция аға лейтенанты Нұрғиса Бектасовтың айтуынша, ата-ананың сүйіспеншілігінің аз болуынан балалар өздеріне сенімді бола алмағандықтан әлімжеттікке тап болып жатады. Сондықтан отбасында бала мейірім, сүйіспеншілік, қамқорлықты сезініп өссе, ол өзін кез-келген ортада ұстай алады.
Келесіде сөз алған қаламыздағы №49 жалпы орта білім беретін мектебінің психологы Айдана Рамазанова ата-аналарға балалардың мектеп психологына қаралуына қорқудың жөні жоқ екенін баса айтты. Керісінше психолог мамандар арқылы оқушылардың мәселелерін шешуге болатынын жеткізді.
— Буллинг – қорқыту, біреуді кемсіту, намысына тиетін сөздер айту бұл жалпылама айтқанда, бір адам екінші айтқан адамға күш көрсету. Сенімсіз, әлсіз, әлжуаз, өз ойын айта алмаған жағдайда баланы басқалар басынып кетуі мүмкін. Сол себепті ата-ана балаға жақсы тәрбие беріп сүйіспеншілікте өсірсе бала кез келген жағдайдан өзін алып шыға алады, — дейді Айдана Рамазанова.
Кездесу соңында келесі жылға бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспары талқыланды.
Источник: qazaq.asia