Түркістан: жаңа мектептің ашылуы өңірдегі білім беруді дамытудағы маңызды қадам болды

Түркістан: жаңа мектептің ашылуы өңірдегі білім беруді дамытудағы маңызды қадам болды

196 rob

Фотосурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл Түркістан облысында жалпы мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазіргі таңда басым көпшілігі пайдалануға берілді. Жалпы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысы жүреді.

Бүгін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Созақ ауылдық округіне қарасты Ыбырай елді мекенінде Құрманғазы атындағы 200 орындық мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ұстаздар мен оқушыларды, ауыл тұрғындарын жаңа білім ордасымен құттықтады.

– Бүгінде әлемдік өркениетке бет алған еліміздің болашағы білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы саланың жандануына ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл сайын елімізде заманауи үлгідегі мектептер салынып, оқу-тәрбие мекемелерінің материалдық базасы нығайтылуда. Соның айғағы ретінде биылғы жылы аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұған қоса бүгін заманауи үлгідегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жаңа мектеп ғимаратын ел игілігіне ұсынып отырмыз. Сіздер көтеріп келген түйткілді мәселелердің түйіні шешілді. Балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып, биылғы жылды білім саласы бойынша табысты қорытындылап отырмыз. Жаңа технологиялармен жабдықталған жаңа мектепте мұғалімдер біліктілігін арттырып, мұнда білімі шыңдалған, елге қызмет етер дарынды азаматтар шығуына тілектеспін, – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, мұнда оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Ауылдың орталық көшесінен мектепке дейінгі аралық пен мектеп ауласына асфальт жабындысы мен аяқ жолдар төселген. Сондай-ақ көгалдандыруға арналған бос кеңістіктер қалдырылып, айналасы қоршалған. Білім ұясында үлкен дәліз, кітапхана, медициналық бөлме, спорт залы және асхана мен өртке қарсы дабыл жүйесі жұмыс істейді. Химия, физика, еңбек және информатика сынды барлық пән кабинеті жеке-жеке қарастырылып, толықтай заман талабына сай жабдықталған.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика