185 rob
Фотосурет: Астана қаласының әкімдігі
Астанадағы Көпсалалы медицина орталығында өткен шарада еліміздегі жетекші онколог мамандар науқастарға хирургиялық ота жасап, шеберлік кластарын көрсетті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі әрбір 100 мың адамның ішіндегі 60-ы обырға шалдыққан, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ал аты жаман аурулар, негізінен, хирургиялық ота және сәулелендіру арқылы емделетіні белгілі. Дәрігерлер осы кеселді емдеу жолдарын жетілдіру үшін жыл сайын дәстүрлі түрде өзара тәжірибе алмасып тұрады.
Аталған іс-шара 22-24 қараша аралығында Онкологтар мен радиологтар альянсының ұйымдастыруымен өтетін «Қазіргі онкологияның өзекті мәселелері, жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның аясында ұйымдастырылып отыр.
«Бүгін Көпсалалы медицина орталығында 4 шеберлік класы өтіп жатыр. Бірінші шеберлік класы «VATS бейнеторакоскопиялық өкпе резекциясы» деп аталады. Алматыдан келген жоғары санатты онколог-хирург Валерий Макаров пен осы орталықтың жоғары санатты дәрігері Қазыбек Қарабаев өкпе обырына ота жасауда. Екінші шеберлік класы лапароскопиялық гастрэктомияға арналды. Асқазанға түскен кеселмен күресу жолын ақтаулық онколог-хирург Мұхамеджан Нұрғазиев өз іс-тәжірибесінен көрсетіп жатыр. Ал үшінші отада науқастың тік ішегіндегі ісік эндоскопиялық жолмен алып тасталса, төртінші шеберлік класы «Заманауи жедел эндоскопия» деп аталды. Аталған оталар бірнеше білікті дәрігерлердің қатысуымен жасалды», — деді орталықтағы салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Сәуле Шагирова.
Операция бөлмелерінде осындай аса маңызды оталар жасалып жатқанда, бұл бөлмелердегі іс барысын тек орталықтың мамандары ғана емес, тікелей трансляция арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған дәрігерлер онлайн көріп отырды.
Мамандар бүгінгідей шеберлік класының онколог дәрігерлер үшін пайдасы зор екенін айтады. «Өйткені мұндай күрделі оталарды жасау үнемі тәжірибені жетілдіріп отыруды талап етеді» дейді дейді олар.
Алдағы екі күнде «Қазіргі онкологияның өзекті мәселелері, жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Оған Қазақстан және ТМД елдерінен онкология саласындағы жетекші мамандар шақырылды.
Конференцияға жалпы 600-дей медицина қызметкері қатысады деп жоспарланып отыр. Ал еліміздегі және шетелдегі өзге мамандар спикерлерді тікелей трансляция арқылы онлайн тыңдайтын болады.
Источник: qazaq.asia