Су қоймаларын қорғау: Су ресурстары және суару министрлігі сумен жабдықтау мәселесін шешуді іздеуде

Су қоймаларын қорғау: Су ресурстары және суару министрлігі сумен жабдықтау мәселесін шешуді іздеуде

244 rob

Фотосурет: ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігі

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінде азаматтарды қабылдады. Кездесуде өңір тұрғындары үшін өзекті — сумен қамту және су айдындарын қорғау мәселелері көтерілді, министрлік жұмысының түрлі бағыттары бойынша ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды DKNews.kz.   

Азаматтарды қабылдауда көтерілген бірінші мәселе Алматы қаласының аумағындағы су айдындарын қорғау туралы болды. Жергілікті тұрғындар олардың ластануына шағымданып, бұл су көздерінің одан әрі азаюына әкелуі мүмкін деп алаңдаулы. Нұржан Нұржігітов бұл мәселені мұқият зерттеуді және іс-шаралар қабылдау үшін қажет болған жағдайда «AMANAT» партиясымен бірлесіп жұмыс тобын құруды тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе – Маңғыстау облысының ауылдарын сумен қамтамасыз ету. Тіршілік нәрі су таситын көліктер арқылы жеткізілетін екі елдімекеннің тұрғындары бұл мәселені шешуді сұрады.

«Жақында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, осы мәселемен таныстым. Қазір өңірдің су құбырларын жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беру процесі жүріп жатыр. Министрлік тіркеуге тиісті қабылдау-тапсыру актісін жіберді. Осыдан кейін жобалау-сметалық құжаттама жасалады. Келесі жылы біз барлық қажетті бюджетті бөліп, жергілікті әкімдікпен бірлесіп құрылысқа кірісеміз», — деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Қарағанды қаласының Күнгей шағын ауданының тұрғындары орталықтандырылған су желісі қолжетімді еместігін айтып, шағымданды. Кейбір үйлерге дейін су құбыры салынбаған, сондықтан олардың иелері көрші үйлерден су алуға мәжбүр. Министр уәкілетті департаменттерге бұл мәселені шешу үшін жергілікті әкімдікпен жұмыс істеуді тапсырды.

Сондай-ақ, азаматтарды қабылдауда Су кодексінің бірқатар ережелерін өзгерту бойынша және құрылып жатқан Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтының жұмысы жөнінде ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Каспий аумағындағы шекаралас елдермен тәжірибе алмасу және институттың материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша бастама көтерілді.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика