274 rob
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы
Құқықтық тәртіп әскері қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етіп қана қоймай, спорт пен өнер саласында да ел абыройын асқақтатып жүр.
Осылайша олар Ұлттық ұланның беделін арттыруға өз үлестерін қосады.
Олардың қатарында ел мерейін асырып, көк тудың желбіреуіне атсалысып жүрген мамандар баршылық. Осы орайда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Ұлттық ұланның мәртебесін биіктетіп, спорттың дамуына үлес қосып жүрген үздік спортшылармен таныстыратын боламыз.
Алдымен, Жауынгерлік даярлық Бас басқармасының дене дайындығы және спорт бөлімінің бастығы полковник Сәтжан Әбішевты сөзге тарттық:
– Көзді ашып-жұмғанша 2023 жылдың да аяқталуына санаулы күндер қалды. Жыл соңында әр адам өзіне-өзі есеп беріп, сараптама жасайды. Біз де өз тарапымыздан, бөлімнің атқарған қызметі мен спортшылардың жетістіктері туралы есеп береміз. Айта кетейік, 2023 жылы Ұлттық ұланның XXI спартакиадасы бағдарламасына сәйкес, әскери қолданбалы спорт түрлерінен волейбол, жекпе-жек ұрыс, Президенттік көпсайыс, штаттық қарудан оқ ату, спорттық жауынгерлік самбо бойынша чемпионаттар өткізілді. Ол спорттық шараға «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының, Ұлттық ұлан Академиясы мен 6654, 5573 және 3656, 6636 әскери бөлімдерінің құрама командалары атсалысты.
Жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық ұланның 1978 әскери қызметшісі түрлі спорттық нормативтерді орындады. Сонымен қатар, 2023 жылы өткізілген жарыстардың нәтижелері бойынша үздік бес спортшыны анықтадық. Олардың қатарында қатардағылар Сапар Болат, Еламан Қойшыбай және Арман Тұрымбетов пен Ержан Еренғайыпов, Мәди Амангелді бар. Аталған бес спортшы Ұлттық ұланның 2023 жылдағы үздік спортшылары атанды.
Құқықтық тәртіп әскері қатарындағы спортшылар бүгінгі уақытта Әлем, Азия чемпионаттарында түрлі Халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр, бірақ олар болашақта Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарын бағындырып, әскеріміз бен еліміздің дәрежесін одан да биік дәрежеге көтереді деген сенімдемін. Үмітті ақтау үшін көп еңбектену қажет, сондықтан спортшыларымызға алдағы жылы табыс тілеймін, – деді полковник С. Әбішев.
Ұлттық ұланның бес үздік спортшы қатарындағы – 5451 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Болат Сапар 2001 жылдың 11 сәуірінде дүниеге келген. Самбо күресінен спорт шебері. Күреспен айналысқанына 13 жыл болған. Болат Мұхтарұлы Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы, 2023 жылы Доминикано Республикасында өткен жағажай самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Азия чемпионы, Ақтау қаласында өткен (82 келі бойынша) Азия кубогының чемпионы, ТМД елдері ойындарының күміс жүлдегері.
–Менің спортқа деген қызығушылығым бала күнімнен басталды. Мектепте дене шынықтыру пәнін ұнататынмын. Қазіргі уақытта бала күнгі арманыма қол жеткізіп, спорт саласында өз жолымды таптым десем болады. «Шынықсаң, шымыр боласың» деген нақыл сөзді жаныма жалау етіп жүремін. Сол себепті, жасөспірімдерді спорт пен дене шынықтыруға бала күннен бастап дағдыландырып, бейімдеу керек деп ойлаймын.
Мен Ұлттық ұлан қатарындағы жетістіктерімді әрқашан Отанға және ұландықтарға арнаймын. Үнемі Ұлттық ұланның спортшысы екенімді ауыз толтырып айтып жүремін, сондықтан сіздердің қолдауларыңыз бен қолпаштауларыңыздың нәтижесінде одан да көп жетістіктерге жетемін деп сенемін.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен және алда келе жатқан Жаңа жылмен барша ұландықтарды өз атымнан құттықтаймын. Сіздерге ең бастысы – денсаулық пен бақыт, табыс тілеймін. Жаңа жылдан жақсылық пен үміт күтеміз ғой, сол арман-мақсаттарыңызға қол жеткізіп, бақытты өмір кешіңіздер. Сіздердің үміттеріңізді ақтаймын және ол үшін барымды салып, еңбектенетін боламын, – деді қатардағы Болат Сапар.
Қатардағы Ержан Еренғайыпов та үздік бестіктің қатарынан табылған әскери қызметші. Ол 1992 жылы 15 наурызда қазіргі Ұлытау облысы Қаражал қаласында дүниеге келген. 2008 жылы аталмыш қаладағы негізгі мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды политехникалық колледжінің Автомобиль көлігін техникалық баптау, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша «техник-механик» біліктілігін алып шықты. 2012-2013 жылдары Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қарамағында Шекара қызметінің 2535 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген. Ал Ұлттық ұлан қатарындағы алғашқы қызметін Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет етуден бастайды, қазіргі таңда 5573 әскери бөлімінде әскери жасақ бастығы лауазымында қызмет етуде.
Спорт саласындағы жетістіктері: қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдо, самбо, жекпе-жек ұрыс, белбеу күресінен спорт шебері.
2023 жылы Петропавл қаласында өткен ҚР ІІМ спартакиадасы және қазақ күресі бойынша «Динамо» ДШСҚ ведомствоаралық спартакиадасында I орын, ҚР ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналған жекпе-жек ұрысынан ҚР командалық чемпионаты мен Шымкент қаласында өткізілген Тәжік-ауған шекарасында қаза болғандарды еске алуға арналған жекпе-жек ұрысында III орын, Эл-Кувейт қаласында дзюдодан өткен Азия кубогының қола жүлдегері, Жетісу облысы, Үшарал қаласында ұйымдастырылған қазақ күресі бойынша Әлем кубогының чемпионы, Семей қаласында өткен ҚР Ұлттық ұланының самбо және жауынгерлік самбо чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ІІМ «Динамо» ДШСҚ самбо бойынша Чемпионаты мен дзюдо бойынша ҚР чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
– Кез келген жетістігімді отбасым мен еліме арнаймын. Ұлттық ұланның басшылығы үнемі қолдау көрсетіп отырады,сол үшін алғыс айтамын. Спорт үнемі қозғалыс пен жаттығуды қажет ететіндіктен, біз де барымызша спортты назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Ұландықтардың сенімін ақтап, бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз. 2023 жылдың үздіктері қатарынан табылғаныма өте қуаныштымын, еңбегімізді бағалағандарыңыз үшін рахмет, – деді Ержан Нұрланұлы.
Ал Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің маманы қатардағы Мәди Амангелді 1998 жылы 26 сәуірде Астана қаласында дүниеге келген. Ол да Ұлттық ұланның мықтыларының қатарынан табылған ұландық әскери қызметші. Бас қала – Астанада туылып, білім нәрімен сусындап, жоғары оқу орнын С. Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінде аяқтаған. Әскери қызметін 2021-2022 жылдар аралығында Ұлттық ұланда абыроймен өтеп шыққан.
2023 жылы жеткен жетістіктері бойынша, Петропавл қаласында өткен ҚР ІІМ спартакиадасы және қазақ күресі бойынша «Динамо» ДШСҚ ведомствоаралық спартакиадасында I орын, дзюдодан Азия кубогында (Эль-Кувейт қаласы) II орын алды. Семей қаласында өткен ҚР Ұлттық ұланының самбо және жауынгерлік самбо чемпионатында II орын иеленді. Қазақ күресі бойынша Әлем чемпионы, Сауд Арабиясындағы Эр-Рияд қаласында I орынға ие болып, чемпион атанса, Қазақстан Республикасы дзюдо бойынша чемпионатында қола жүлдегер атанған.
– Уақыт – жүйрік. Кеше ғана 2023 жылға аяқ басқалы жатқан едік, бүгін, міне, қорытындысы шығарылып, үздіктер құрамына менің де есімім еніпті. Әрине, қуанасың, бұл спортшыларға беріліп отырған мүмкіндік деп ойлаймын. Бізге деген ұландықтардың сенімінен шығып, жарыстың нәтижелі өтуіне тырысуымыз қажет. Жекпе-жекте алдымен қарсыласыңды зерттеп, жақсы танып алу қажет, сол кезде нәтиже болады. 2024 жыл барлық спортшы мамандар мен олардың бапкерлеріне жеңісті жыл болғай. Ал Ұлттық ұланның басшылық және жеке құрамына өз атымнан тек қана жақсылықтар тілеймін. Жеңісті, жемісті күндеріміз көп болсын, — деді қатардағы Мәди Амангелді.
Қатардағы Еламан Қойшыбаев пен Арман Тұрымбетовтер де мықтылардың тізімінде. Екеуі де 6655 әскери бөлімінде қызмет етеді. Еламан Еркенұлы 1995 жылы 18 қыркүйекте Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алып шыққан. Еламан сонымен қоса, Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің де түлегі. Қазақ күресінен және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан ҚР спорт шебері. Еламан жаттықтырушысы Эдуард Саламатпен бірге көптеген жетістіктерге жетіп, қазақ елінің намысын қорғап жүр. Ұлттық ұлан жауынгері спорттық самбодан Қазақстан Республикасының чемпионы, Астана қаласында өткен спорттық самбодан Азия чемпионатында күміс жүлдегер, ТМД елдерінің ойындарында самбодан III орын және Сербияның, Новисад қаласында өткен спорттық және жауынгерлік самбодан әлем кубогының чемпионы, Сауд Арабиясында Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарынан II орын иеленіп, Арменияда самбодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.
– Мен спортпен 12 жасымнан бері айналысып келемін. Мақсатым –жекпе-жектерде жіберген қателіктермен жұмыс жасап, әлемдік біріншіліктерде жеңіс тұғырынан көріну. Отан қорғау жолында спортты қатар алып жүргендіктен, Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы маған үнемі қолдау көрсететіндері үшін алғысымды білдіремін, – деді Е. Қойшыбаев.
Қатардағы Арман Тұрымбетов те Ақтөбе қаласының мақтанышы Қ. Жұбанов атындағы Мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған. Ол 2000 жылы 30 наурызда дүниеге келген. Самбо күресімен 11 жасынан бастап айналысады, ҚР Самбо және жауынгерлік самбодан спорт шебері, самбо күресінен ҚР кубогының жеңімпазы, жауынгерлік самбодан ҚР екі дүркін чемпионы, самбо күресінен Бүкілресейлік турнирдің қола жүлдегері және басқа да республикалық, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Алғашқы бапкері Егілман Исангулов пен қазіргі бапкері Ақаділ Убаевпен бірге жаттығып, әлі де талай жетістіктерге жетемін дейді.
Спорт адамның рухани әлемі үшін өте маңызды. Олай болса, мамандар спортпен жиі шұғылданып тұруға кеңес береді. Күйзеліске ұшыраған сәттерде де спорттан артық көмекші жоқ.
Олай болса, өздерін шымыр ұстап, әрі физикалық тұрғыдан мықтылық танытып жүрген Ұлттық ұланның үздік спортшыларына біз де өз тарапымыздан сәттілік, табыс және ең бастысы – денсаулық тілейміз. Еліміздің көк байрағын аспандатып, Ұлттық ұланның мәртебесін көтере беріңіздер!
Лейтенант Құралай ЖҰМАҚЫЗЫ
Источник: qazaq.asia