Әскери психологтың орны ерекше

Әскери психологтың орны ерекше

232 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Бір сәтке қан майдандағы  қызу қақтығыс алаңында өзімізді  елестетіп көрейікші.

Төбеден қарша бораған оқтардан бұғып, жасырынып қауіпсіз аумаққа сытылып шықтың делік. Табаныңның астындағы толассыз оққа ұшқан   мәйіттерден сүрініп шалынып, қойылған тапсырманы  орындау үшін  діттеген аумаққа жету керек. Атылған  танкі  оқтары мен  жарылған гранаталар дүмпуінен шыңылдаған құлағың бір сәтке түк естімей, төңірегіңде құлаққа ұрған танадай  меңіреу тыныштық орнайды. Аздаған  уақытта абдыраған есіңді қайта жинап алғаныңда,  алма-кезек  атыстың  жалғасып жатқандығын аңғарасың.  Ту сыртыңнан  дұшпанын  жайратып салардай,  әр адым сайын жалма-жан айналаңды бір шолып өтесің  . Өйткені, сені санаңның саңлауынан  ақтық  демің осы жерде бітеді  деген  үрей мазалайды. Ал өмір мен өлім арпалысқан сындарлы  шақта  шектен  шыққан мазасыздық сені делсал күйге түсіреді. Дегбіріңді қашырған делсалдық діңкеңді құртатыны айдан айқын. Діңкесі құрыған жан  ұрысқа қажетті жауынгерлік рухынан лезде айырылып,  іштей жеңіліске ұшырайды. Жалпы, өзіңе жүктелген  тапсырманы орындау барысында  тастай берік  ұстамдылық қажет. Ұрыс  даласында жеңіске жетудегі майдангердің шешімді рөлі оның психологиялық  беріктігіне  байланысты. Сондықтан жауынгерді  жаттықтыруда  әскери  психологияның маңызы алабөтен. Осы орайда,  «Шығыс»  өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының аға офицері (психологы)  капитан Жасұлан Табиевпен сөз өрбіттік.

– Неліктен психолог мамандығын таңдадыңыз? Қысқаша өмір дерегіңізге шолу жасасақ. 

 –   Мен 1990 жылы мамыр  айының он төртінші жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында өмірге келдім. Атам Тәбиұлы Алпысбай Кеңес  кезінде ауылдағы ұжымшарды басқарған елге сыйлы һәм  үлгілі адам еді. Тұңғыш немересіне айналған мені жастайынан  темірдей тәртіпке баулыды. Шежірелі ақсақалдың саф алтынға татитын салиқалы сөздерін көп тыңдап,  аз  сөйлейтін  сыралғы  жанға  айналуыма себепші болды. Қазыналы қарт өсиетке толы құнарлы сөздерінде Отанға абыройлы қызмет етуді мұрагеріне тағылым ететін. Мектеп қабырғасында белсенді әрі көшбасшылық қасиетке ие болып, қатарластарымнан арагідік  дара болуға тырыстық. Оқушы шағымда сыныптасыммен пікір алмасып, оларды толғандырған отбасы арасындағы, достық қарым-қатынастағы келеңсіз жайлардың басын ашып беретінмін. Күрмеуі шешілмеген күрделі  жағдайдан  сүрлеу салып, тиімді шешім қабылдауға атсалысуға құмар болдым. Ержете келе, менің болмысыма тән, табиғатыма жақын  –  психолог мамандығы  екендігін ұғындым. Сондықтан Өскемен қаласындағы   Сәрсен Аманжолов  атындағы  Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік университетіне  психолог мамандығына оқуға түстім. Қызығы мол студенттік өмірге қол бұлғап, Қызылорда қаласындағы  5547 әскери  бөліміне мерзімді әскери қызметімді өткеруге аттандым. Ант қабылдау рәсімінен кейін Қаракемер ауданындағы  6654 әскери бөлімінде радиотелеграфшы мамандығын игеріп, Шымкент қаласындағы  6506 әскери бөлімінде  байланысшы маман ретінде  Отан алдындағы борышымды абыройлы атқардым. Қызметтік еңбек  жолымды 2012 жылы  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты  5518  әскери бөлімінің  радиоторап бастығы лауазымынан бастадым. Кейін араға 23 жыл салып, 2015 жылдан бастап Өскемен қаласы 5518 әскери бөлімінің психологы лаузымына тағайындалып, негізгі мамандығыма қайта оралдым. Ал, 2020 жылы  «Шығыс»  өңірлік қолбасшылығының  тәрбие  және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының аға офицері  (психологы)  лауазымына тағайындалып, қазіргі уақытта қызметімді осы жерде атқарып келемін.

– Әскери психологияның  жауынгер өмірінің қай сатысында маңызы зор?

– Әскери психология әскер қатарына шақырылған жас толымның  әскерге жарамдылығын қадағалаудан басталады. Әр жас сарбаз қызметінің бастапқы шағында адам ағзасының  жаңа ортаға қалыптасуында өзгерістер туындайды. Бұл өзгерістер жүйке жүйесіне әсер ететін факторларға алып келуі бек мүмкін. Әскери өмірге  икемделу процесі белгілі бір уақытты талап етеді. Өйткені, әскери қызмет тәртібі мен талабына жауынгердің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының сәйкестенуі құба-құп абзал. Міне, осы уақытта сарбаздың қоршаған әскери ортамен үйлесім табу жолында  психологиялық қолдау міндетті түрде қажет. Жанұяда еркін өсіп, ұшарын жел, қонарын сай білетін жастық желіктің  әскери ортаға топ етіп, саналы түрде бірден әскери тәртіпті ұстанып кетеді дейсіз бе? Әсіресе, қашықта қалған  ет-жақындарына деген  сағыныш сезімін баса білуі, рухани тұрғыда  күйзеліске ұшырамауының алдын алуда әскери психологтың алар орыны бөлек.   

– Бұл мақсатта сарбаздар арасында қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

–  Әр түрлі шаралар, атап айтсақ,  адамның өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында түрлі тренингтер  өтеді әскери бөлімдерде. Бұндай тренингтер қатысушылардың коммуникативтік дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға тигізер үлесі зор. Психологиялық тренингтер жауынгердің сергек қалыпта жүруіне сондай-ақ, шырғалаң шақтан мардымды жауап табуына мұрындық болады. Бұл өзара коммуникативті қарым-қатынасты жақындатып қана қоймай, жауынгердің қаруластарымен етене жақын тіл табысуларының  себепшісіне айналады.  Жалпы, әскерилер арасындағы  арақатынастың  нығая түсуі  ұрыс жағдайындағы ұйымшылдықты  жоғары  дәрежесіне  жеткізеді. Ал ұрыстағы ұйымшылдық жауға қарсы шабуылдың  жоспардағыдай өтуіне мүмкіндік бермек. Яғни, әскер жасағындағы әрбір механизм тетігінің біркелкі жұмыс атқаруы сондай-ақ  бір-бірін емеуріннен тани білуі  қызметтік-жауынгерлік  тапсырманың сәтті орындалуына ықпал етпек.            

–  Яғни,  әскери психологияның салмағы соғыс жағдайында басым болғаны ғой?

 – Әрине,  соғыс бір адамның емес,  жүздеген, мыңдаған  адамның бір мақсатқа жету жолын  ұштастырады. Бұл жерде ұжымдық психология алапат сипатқа ие. Қаңтар оқиғасында ел мүддесін сақтауда Ұлттық ұлан жасағының  жауапкершілігі  жоғары болды.  Заңсыз жиналған топ ұландықтар арасына іріткі салып, теріс ақпарат таратып   әскери жасақтың рухани-моральдық тұрғыда  әлсіреуін күйттеді. Мұндай шақта тастай берік ұстамдылық таныту қажет. Айта кететін жайт, әскери қызметшілердің жауынгерлік  рухын  арттыра түсу мақсатында арнайы логикалық ойындарда  әскери  психологтар ұйымдастыратын  іс-шаралардан көрініс табады.  Әскерилердің  сауаты артып,  жеке қасиеттердің  жетіле түсуі  – ұландықтардың Отан алдындағы парызын абыройлы атқаруына айнымас үлес қосары айқын. Сөз соңында қосарым,  әскери қызметшінің психологиялық қабілетін арттыруда  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сан түрлі заманауи құрылғылармен  қамтылған. Әсіресе, «ГРВ» құрылғысы күнделікті жауынгерлік қызметтегі  әскерилердің моральдық-психологиялық тұрақтылығын қадағалауда айрықша мәнге ие. Сондай-ақ әскери қызметшілерге нейро-лингвистикалық  бағдарламалау технологиялық әдісі қолданылып және  когнитивті-іс-қимылдық  психотерапиялық  жұмыстар жүргізіледі. Эриксон гипнозы арқылы танымдық процестердегі  оң  өзгеріс  енгізуде әскери психолог жұмысының бір тарамына негізделеді. Сарбаздардың мінез-құлықтарына мониторинг жасалып, түрлі жағдайларда күйзеліске түскен жауынгерлерге  психологиялық көмек ауадай қажет. Мұндай келеңсіз жайттардың алдын  алу барысында  әрбір жауынгердің  өзінен бөлек, отбасымен бірге жүйелі жұмыс жасап, әскери ортадағы қарым-қатынаста көптеген мәселелерді шешуге талпынамын. Қиындық туындаған жағдайда тез арада оңтайлы шешім табуға атсалысуға әркез дайынмын. Себебі адам жанының емшісіне айналған менің мамандығымның  әскери қызметтен  ойып тұрып алатын  өзіндік орыны бар. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Адамзат тарихындағы әйгілі қолбасшылардың бірі Ескендір Зұлқарнайын естеліктерінде «қарсыластың  көзін жоюға жатыққаннан бұрын, алдымен өзімді жеңуді үйрену маған маңызды»  депті. Расымен де,  өмір мен өлім арасындағы қанды шайқаста өзіңді жоғалтып алмау,  жауынгерлік дағдыға машықтанған болмысыңды қалыпты деңгейде ұстау –  басты мақсат. Осы орайда,  әскери  психологтардың  орны ерекше. Мамандығын мақтаныш тұтатын бүгінгі сұхбат иесі  капитан Жасұлан Табиев  әскери жасақтың жауынгерлік рухы әрдайым жоғары болуда қалтқысыз қызмет етіп келеді. Себебі,  Отан алдындағы азаматтық парызға адал болу –  ұстамды тұлғаның балғын шағынан өміршең ұранына айналып үлгерген.

Сержант Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика