342 rob
Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің ұйымдастыруымен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріндегі психологиялық жұмысты жетілдіру перспективалары мен жолдары» атты ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Конференция Қорғаныс министрінің әскерлерді тапшы мамандармен, оның ішінде психологтармен жасақтау бойынша еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен өткізіліп отыр.
Аталған шараға басқару органдары мен әскери бөлімдердің психологтары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары, сондай-ақ Genesis Verae психотехнология орталығының басшылығы қатысты.
Конференцияның негізгі міндеттерін атап өткен Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев:
– Психологиялық жұмыстар әскери қызметшілердің бойында қажетті қасиеттерді қалыптастыру мен оларға қолдау көрсету қызметінің маңызды бағыты болып табылады. Оны жетілдіріп отыру психология ғылымының дамуынан қалыс қалмауы тиіс. Сол себепті біз осы салада диссертациялық зерттеулер жүргізетін және кадрлар даярлайтын оқу орындарымен ынтымақтастықты тереңдетуге үміттіміз, – деді.
Жиында әскери психологтар жеке құрамды психологиялық даярлаудың отандық және шетелдік тәжірибесін ұсынды. Университеттердің өкілдері әскери қолданбалы психологияны, әскери ұжымдардағы көшбасшылықты, жас офицерлерді ынталандыруды және инновациялық менеджментті зерттеу нәтижелерін ортаға салды. Сондай-ақ, Genesis Verae психотехнология орталығы дағдарыс жағдайында қалған адамдарға практикалық көмек көрсету мақсатымен жүзеге асыратын жедел психотерапиялық тәсілін бөлісті.
Конференция соңында қорғаныс ведомствосы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Осыған сәйкес, жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл шеңберінде бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, сабақтар ұйымдастыру, кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ студенттерді әскери бөлімдерде тағылымдамадан өткізу жоспарланып отыр.
Источник: qazaq.asia