Әскери прокуратура: оның әскери қызметшілер мен отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғаудағы рөлі

Әскери прокуратура: оның әскери қызметшілер мен отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғаудағы рөлі

281 rob

Фотосурет: ҚР Қорғаныс Министрлігі Шымкент гарнизоны баспасөз қызметі

Әскери прокуратура органдары – әскердегі құқықтық тәртіп пен заңдылықтың сақталуын, мемлекеттегі құқықтық тұрақтылықты, азаматтардың кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қадағалайтын мемлекеттік орган болып табылады, сондай-ақ, мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Осы мақсатта, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы КСРО Бас әскери прокурорының № 1 бұйрығының негізінде 1971 жылдың мамырында құрылып, оған Чимкент гарнизонының әскери прокуратурасы атауы берілген.

Гарнизонның әскери прокуратурасы Қазақ КСР-нің Чимкент және Қызылорда облыстарында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелердегі заңнамалардың қолданылуына қадағалау жүргізуді, сондай-ақ қылмыс жасаған әскери қызметшілерге қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асырған. 

Ал Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының жаңа тарихы егемен Қазақстанның жаңа тарихымен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 17 ақпандағы Жарлығының негізінде Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрамында әскери прокуратуралардың Басқармасы құрылған болатын. 

Қазақстанның әскери прокуратуралары Басқармасының құрылымында Чимкент гарнизонының әскери прокуратурасы қалдырылып, әрі-қарай «Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы» атауына өзгертілді. 

Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы қызметін жүзеге асырған сәттен бастап, оны 10 прокурор басқарған.

Егемендігін алған Қазақстанның Шымкент гарнизонындағы алғашқы әскери прокуроры лауазымына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 1992 жылы 29 қазандағы №350/6 бұйрығымен әділет полковнигі Владимир Александрович Архипов тағайындалды.  

Әрі-қарай Шымкент гарнизоны әскери прокурорының лауазымында 1993-1999 жылдары әділет полковнигі Жарқынбек Жамайылұлы Есжанов, 1999-2000 жылдары әділет полковнигі Абдукамал Әшімбеков, 2000-2002 жылдары әділет подполковнигі Бекенбай Анарбайұлы Әшіров, 2002-2007 жылдары әділет полковнигі Мелдебек Мырзаұлы Әділбаев, 2007-2009 жылдары әділет полковнигі Ербол Алтынбекұлы Аппазов, 2009-2014 жылдары әділет полковнигі Қайрат Көбейұлы Әбдіқалықов, 2014-2019 жылдары әділет полковнигі Александр Николаевич Подушкин, 2019-2020 жылдары әділет полковнигі Арман Қуанышұлы Қапезов, 2020-2022 әділет полковнигі Бағлан Балтабайұлы Телеу қызметтерін атқарған.

2022 жылдың қазанынан бастап қазіргі уақытқа дейін әскери прокурордың лауазымында әділет полковнигі Ғалымжан Төлеұлы Маханбетов қызметін атқарып келеді.

Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасында қызмет атқару көптеген жас мамандар үшін мансаптық өсудің бастамасы болып табылды.        

Мәселен, бұрын гарнизон әскери прокуратурасында қызмет атқарған әділет полковнигі Алмас Серікұлы Таукебаев қазірде Бас әскери прокурордың аға көмекшісі, Аянбек Бекежанұлы Тоқсанбаев Түркістан облысының азаматтық істер бойынша сотында судьясы, әділет полковнигі Төреәлі Бәкірұлы Бәкіров Бас әскери прокуратураның мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының аға әскери прокуроры, әділет кеңесшісі Нарбек Нұртазаұлы Мықтыбаев Түркістан облысы прокуратурасының аға прокуроры лауазымдарында өз қызметтерін атқаруда. Олардың барлығы және өзге де қызметкерлер қызметтерін Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасынан бастаған. 

Қазақстан тарихында прокуратура заңдылықты қамтамасыз етуде әрқашан орынға ие болды және ең алдымен мемлекеттің мүддесін қорғайтын мемлекеттік органның рөлін атқарды. Сондықтан да прокурор «мемлекет көзі» деген атқа ие болды.

Қазақстанда қоғам және мемлекеттіліктің дамуымен қатар прокуратура да дами бастады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік құрылыс моделінің өзгеруімен прокуратураның рөлі ерекше артып келеді.    

Еліміз егемендік алған сәттен бастап, Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының прокурорлық қадағалау саласы да айтарлықтай өзгерді. 

Бұрын ресми түрде қадағалау салалары деп аталатын прокуратура органдары қызметінің бағыттары «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзінің реттеуші дамуын тапты.

Адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңсыз іс-әрекеттен немесе мемлекеттік қызметшілердің әрекетсіздігінен қорғау – саяси және әлеуметтік маңызды міндет.

Әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы қатаң сақтау Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығы мен әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Дәл осы қағидаттар әскери прокурорлардың қызметіне негізделеді. Анықталған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы әскери қызметшілердің, оның ішінде әскери қызметтен босатылған тұлғалардың заңды құқықтарын қорғауға қатысты белсенді жұмыс жүргізуде.

Нақтырақ айтқанда, әскери прокуратураның енгізген қадағалау актілері бойынша 50 млн. теңгеден аса ақшалай жәрдемақыларды, тұрғын үй өтемақыларды және зейнетақы төлемдерін төлеу арқылы көптеген әскери қызметшілердің құқықтары қорғалып, осындай заңсыздыққа жол берген кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Одан бөлек, Арыс гарнизонында орналасқан әскери қалашықтың тұрғындарына (барлығы 592 азамат) суға арналған коммуналдық қызметтерді жоғарылатылған баға бойынша негізсіз есептеу фактісі анықталып, өз кезегінде, бұл әскери қалашықтағы тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Бұл ретте, лауазымды тұлғалар коммуналдық қызметтердің тарифтерін жеке тұлғаларға бекітілген стандарттарға сәйкестендірудің орнына, әскери қалашықтағы тұрғындардан заңды тұлға ретінде есептеп, төлемдерді алып отыруға шешім қабылдаған, осылайша тұрғындардың конституциялық құқықтарына нұқсан келген. 

Осы мәселе әскери прокуратурасының араласуынан соң ғана Арыс қаласының әкімінің және уәкілетті органдардың қатысуында жиналыс өткізіліп, онда су есептегіштерді орнатқаннан кейін коммуналдық қызметтерді төмендету жөнінде оң шешім қабылданды. 

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің, адам мен азаматтың  Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарда белгіленген құқықтары мен бостандықтарын  шектеуге ешкімнің құқығы жоқ. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, погондағы адамдар мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленуі керек.

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің, адам мен азаматтың  конституциялық құқықтарын қорғау әскери прокуратура органдарының күнделікті қызметінде маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Шымкент гарнизонының  әскери прокуроры әділет полковнигі Ғ. Маханбетов                                                                                                                                                                                                                                                                    

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика