234 Awrora
Фотосурет: Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі
Аягөз қаласының «Оңтүстік» әскери қалашығы мереке қарсаңында құлпыра түсті. Себебі, әскери қызметшілер қардан мүсіндер жасап, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мереке қарсаңында гарнизондағы барлық әскери бөлімдердің өнерлі әскерилері жиналып, қар мен мұздан жаңа жылдық кейіпкерлерді жасады. Әскери қалашықты әрлендіретін дәстүрлі шара биылғы жылы да жалғасын тапты.
Күнде қолдарына қару алып, темірдей тәртіпке ғана бағынатын әскерилердің бұл игі істері әскери қалашық тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, тамашалаған балаларды бір марқайтты.
Шегі жоқ өнерге ерік беріп, есте қалар ертегі мен мультфильм кейіпкерлерін жасаған әскер қатарындағы өнерпаздардың еңбегі, гарнизон басшылығы арасынан тағайындалған әділқазылар алқасы тарапынан бағаланды. Бірінен-бірі озатын мүсіндерді бағалауда төрағалық еткен әділқазыларға шешім қабылдау оңайға түспегені анық.
«Бүгінгі шарада әскери қызметшілердің өнерлерін бағалау өте қиын болды. Себебі, барлық мүсін әдемі және бәрі бірінші орынға лайық. Алайда сайыстың аты сайыс жеңімпаз болуы тиіс. Осы шараға ат салысқан барлық әскери бөлімдерге рақмет айтқым келеді» Аягөз гарнизонының бастығы полковник Дәулет Сүттібаев
Дегенмен де шегі жоқ шеберлікпен креативті етіп, ерекше көз тартып түнгі уақытта жанатын ат пен шана бейнесін жасаған 15701 әскери бөлімінің мүсіні бас жүлдені иеленді. Бірінші орынды 10181 әскери бөлімі алса, 02352 әскери бөлімі екінші орынға табан тіреді.
Жүлделі үшінші орын 36376 әскери бөліміне бұйырды. Артынша марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, үздік мүсін иесі атанған әскери бөлімдерге мақтау қағаздарымен арнайы сыйлықтар тарту етіп, көңілді шара әскери оркестрдің қалашық тұрғындарына арнаған мерекелік концертіне ұласты.
Айта кетейік, мүсіндерді әскери қалашық аумағында алдағы қыс айлары бойы тамашалап, отбасымен демалуға болады.
Источник: qazaq.asia