261 rob
Шымкентке жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірлік сауда-логистикалық хабты дамыту жобасымен, сондай-ақ бірқатар ірі өндіріс нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мәселен, Үкімет басшысы әлемдік стандарттар бойынша барлық санаттағы қоймалар қызметін көрсететін заманауи көпфункционалды сауда-логистикалық орталыққа барды.
Әлихан Смайылов аталған орталықты одан әрі дамыту үшін оның аумағын 136 гектарға ұлғайту туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға елеулі үлес қосады.
«Орталықты кеңейту Шымкентке Орталық Азия елдері арасында көлік-логистикалық хабқа айналуға мүмкіндік береді. Бұл жалпы ел экономикасының дамуына оң әсер етеді» Әлихан Смайылов
Бұдан әрі Премьер-Министр түсті металл концентратын алу үшін қорғасын өндірісінің қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт – «Standard Steel KZ» ЖШС жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда кәсіпорын жылына 4 600 тоннадан астам мыс-күміс концентратын шығаруға қабілетті. Құрылыстың екінші кезеңі бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін, зауыт жыл сайын шамамен 20 900 тонна мырыш оксидін өндіре алады.
Үкімет басшысының айтуынша, өңір үшін және бүкіл Қазақстан үшін маңызды осы жоба өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы салдарынан түзілетін экологиялық зардаптарды азайту мақсатында іске асырылуда.
«Оның толыққанды жұмыс істеуі үшін қала әкімдігі өндірістік инфрақұрылымды жүргізуге байланысты барлық мәселені шешуі қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында осындай алаңдарды құру тәжірибесін республиканың басқа өңірлері де ескеруі керек» Әлихан Смайылов
Сонымен қатар Әлихан Смайылов дәрілік препараттардың 130-дан астам түрін өндіретін «Химфарм» АҚ ірі фармацевтикалық кәсіпорнының жұмысымен танысты. Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. 2023 жылы зауыттың ғылыми-зерттеу орталығын дамытуға және оны жаңғыртуға тағы $8,4 млн инвестиция салу жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін ұлғайту туралы тапсырма бергенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет республикалық фармацевтикалық кластерді дамытуды ынталандыру үшін қолдаудың жекелеген тетіктерін қайта қарайды.
«Бұл импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайта отырып, ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді» Әлихан Смайылов
Одан кейін Премьер-Министр жұмыс бағдарламасы аясында ішкі нарық үшін бензин, дизель отыны, авиакеросин, сұйытылған газ, мазут және басқа да мұнай өнімдерінің өзге де түрлерін шығаратын «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауытына барды.
2018 жылы кәсіпорын Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында масштабты жаңғырту мен қайта құрудан өтті. Бұл зауытқа автоматтандыру және цифрландыру саласында халықаралық тәжірибені енгізуге, өндірістік процестерді жетілдіруге, сондай-ақ шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейтіп, сапасын көтеруге мүмкіндік берді.
Әлихан Смайылов елімізде мұнай өнімдерін тұтыну жыл сайын, әсіресе дала жұмыстары мен жылыту маусымы кезеңдерінде артып келе жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта қажеттіліктің артып келе жатқанын ескере отырып, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6-дан 9 млн тоннаға дейін кеңейту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп қана қоймай, сондай-ақ қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етеді» Әлихан Смайылов
Премьер-Министр бүгінде Үкімет жанар-жағармай материалдары нарығын реформалауды, оның ішінде мұнай өңдеу зауыттарының барлығын процессингтен маркетингтік жұмыс принципіне ауыстыруды жүргізіп жатқанын айтты.
«Бұл зауыттарға делдалдарды қатыстырмай, мұнай өнімдерін өндіру мен таратудың бірыңғай процесіне тікелей қатысуға мүмкіндік береді» Әлихан Смайылов
Сонымен қатар Шымкентте Үкімет басшысы жылына шамамен 500 млн дана өнім шығаруға қабілетті «QazALPack» ЖШС алюминий банкаларын өндіретін зауыттың жұмысымен танысты.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие беруді қоса алғанда, мемлекеттік қолдаудың әртүрлі түрлерін алған кәсіпорын 2022 жылдың қазан айында іске қосылған.
Премьер-Министр зауыттың Орталық Азия аумағындағы бірегей жоба екенін, ал өткізу нарығы ауқымды әрі перспективалы болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорын өндіріс көлемін одан әрі арттыруы қажет.
Источник: qazaq.asia