Сауда саласындағы кәсіпкерлерді қандай өзгерістер күтіп тұр?

Сауда саласындағы кәсіпкерлерді қандай өзгерістер күтіп тұр?

160 Awrora

Фотосурет: Т.Таныбаев

Мәжілістегі Үкімет сағатында сауда саясатын дамыту жайы талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Үкіметтің іс-шаралары жөнінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады. Арман Шаққалиев бүгінде министрліктің жұмысы үш негізгі бағыт – ішкі сауда, сауда-экономикалық интеграция және экспортты қолдау бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Сауда секторы әлеуметтік бағыт бойынша 1-орында, жалпы ішкі өнімге экономикалық үлесі бойынша 2-орында тұр.

– 11 айда саудаға тартылған инвестиция көлемі 410,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,3 пайызға жоғары. Ішкі тауар айналымы 21,1 пайызға өсіп, 53,6 трлн теңгені құрады. Сауданың нақты көлем индексі – 111,3 пайызды құрады. Сыртқы сауда қызметінде де оң қарқын байқалады. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 114,1 млрд долларды құрап, былтырмен салыстырғанда 2,6 пайызға артты, – деді А.Шаққалиев.

Министр биыл бизнестің жол картасында құрылыс салуға, реконструкцияға немесе жабдықты сатып алуға кредит алатын коммерциялық нысандар үшін сыйақы мөлшерлемесін төмендету қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ 2024 жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап 100 пайыз отандық өндірістің 9 тауарына (тұз, ұн, рожки, қарақұмық жармасы, күріш, нан, сүт, картоп, жұмыртқа) шекті және шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеуден бас тарту ұсынылады. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 13-інің бағасы көтерілгенін айтты. Мәселен, нан, ет, жұмыртқа, сүт, май және т.б. өнімдер қымбаттады.

– Әкімдік қызметкерлері базарлар мен сауда орталықтарын аралаған кезде сатушылар бұл өнімдердің бағасын төмендетеді, ал олар кеткеннен кейін басқа баға қояды. Осындай көзбояушылықтан арылу керек. Сондықтан әкімдіктер жұмыс істемейтін меморандумдар бойынша бағаларды «декларативті түрде» реттеуден бас тартатын кез келді. Оның орнына халықтың әлеуметтік осал топтары үшін атаулы әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Сондай-ақ бағаның өсуіне жол бермеу үшін уәкілетті мемлекеттік орган әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесіне мемлекеттік бақылауды орнату керек. Бұл үстеме заңда көрсетілгендей, 15 пайыздан аспауы керек, – деді комитет басшысы.

Оның айтуынша, тауар өткізу жүйесін құру, ішкі нарықты қорғау, отандық тауар өндірушілердің әлеуетін пайдалану, қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығарудағы кедергілерді жою және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету де түйткілді мәселе. Нұртай Сабильянов әлемдік трендтерді ескере отырып, электронды сауданы дамыту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты салықтар да, тауарлар мен қызметтердің айналымы да ел экономикасына жұмыс істеуі үшін отандық электронды платформаларды белсенді дамыту қажет. Мәжілісменнің айтуынша, бұл жалпы тауар айналымындағы электронды коммерция үлесін ұлғайтып, бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді. Отырыс барысында депутаттар шешімді қажет ететін басқа да мәселелерді ортаға салды.

Сондай-ақ «Атырау облысындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бәсекелестікті дамыту» қоғамдық бірлестігінің президенті Балжан Досмұхамбетова мен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев те өз пікірлерін білдірді. Альберт Рау апта соңына дейін айтылған ұсыныстар ұсынымдарда жинақталып, Үкіметке жіберілетінін айтты.

– Заң жобасын әзірлеуге қатысты ұсыныстар алдымен тиісті комитетте қаралып, содан соң нормативтік құқықтық актілерге өзгертулер енгізу туралы шешім қабылдануы тиіс. Бүгін жақсы пікірталас болды, депутаттар тарапынан ұсыныстар мен көтерілген барлық сұраққа жауап берілді деп есептеймін, – деді А.Рау.

Үкімет сағаты аясында Сауда және интеграция министрлігі отандық тауарлар мен қызметтерді экспорттаушылардың көрмесін ұйымдастырды. Депутаттарға инновациялық өнімдер мен технологиялар, өнеркәсіп өнімдері, сондай-ақ отандық азық-түлік өнімдері көрсетілді

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика