183 rob
Фотосурет: Ұлттық Ұлан
Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Мерейлі мерекенің қалыптасқан өзіндік салт-дәстүріне сай, үйімізде шырша бой көтеріп, аста төк ақ дастархан жаятынымыз анық. Себебі келер жылдан күтер үміт те арман да көп. Ал туған елінен жырақта мерзімді әскери қызметін атқарып жүрген сарбаздардың бұл мейрамды қалай атап өтетіндігі беймәлім.
Осы орайда, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбаздары жаңа жыл мерекесін қалай қарсы алатындығын ортаға салды?
Ануар Орынбай, қатардағы жауынгер:
Алда келе жатқан жаңа жылды қарсы алумен үшін үлкен жауапкершілікке толы болмақ. Өткен жылдағыдай анамның әзірлеген ыстық асын, түрлі салаттарын күтіп, диванда жаңа жылдық концерт көріп жатпаймын. Мемлекет басшысының ақжарма тілегінен кейін сыртта отшашу шашып, туыс-туғанды аралап жүрмеймін.
Былтырғы жаңа жылдық түн осылай өтті. Ағайын-туыс арасында да арқа-жарқа болып, дастархан басында даладай пейілмен баладай мәз-мейрам қалыпта тарқастық.
Түннің бір уағында үйімізге оралып, тәтті ұйқының қойнына еніп кеттім. Алайда, мені таңертең келеңсіз оқиға күтіп тұрды. Түн ішінде көлігімнің дабылқаққығышы іске қосылғанын естігеніммен көкке қарай атылған отшашулар дауысынан болар деп топшылап, мән бермеп едім. Ертесінде ауладағы көрініс мен үшін «тосын сый» болды. Кроссевер типті көлігімнің арт жақ терезесі шағылыпты. Абырой болғанда, салон ішіне енген тас басқа дүниеге зақым келтірмеген.
Әншейін де, құлаққа ұрған танадай тыныштықта күн кешкен біздің көше бұндай бұзақы әрекеттерден ада болатын. Міне, осы бір жағдай менің кешеден бері айдын көлдей шалқыған шат көңіліме қою қара нүкте қойды. «Неге менің көлігім? Не жазып едім?» деген сауалдар санамның саңылауынан маза бермеді. Көлік ішіне түскен таста адам қолының ізі қалған болар деп сақтап қойып едім. Алайда, өкінішке орай, кім кінәліні табу мүмкін болмады.
Тәртіп сақшылары маңайдағы бейнекамераларды қарағанымен күдіктінің назарға ілігуі мұңға айналды. Иә, бұл менің өткен жаңа жылдың алғашқы күнін қарсы алғаннан алған әсерім. Ал келер жаңа жылда мені жауынгерлік жасақ қатарында көше тәртібін бақылау күтіп тұр.
Бұл міндетті абыроймен атқарғым келеді. Өйткені, аққайнарға сылқия тойып алып, ойына келгенін істейтіндер әсіресе, дәл сол түні көп жүреді. Былтырғы менің жағдайым сияқты қаннен қаперсіз жатқан адамның жеке мүлкіне зақым келтіру сияқты іс-әрекеттердің қайталанбауын қалаймын.
Сондықтан, жаңа жылда жаңа құқықбұзушылықтардың алдын алғым келеді. Сол үшін барымды саламын. Себебі мерекелік көңіл күйде мейманасы тасыған жан үшін бұндай жағымсыз жағдай тасадан оқ атқандай жаныңа батады.
Міне, менің алдағы жаңа жылым, мерейлі мерекенің қалтарыстарында орын алатын оқиғалардың алдын алу. Жалпы, ет-жақындарыма жаңа жетістіктер мен кәсіби табыстар тілеймін. Алдағы жыл оң өзгерістер мен қуанышты кездесулерге, бақытты оқиғаларға толы болсын. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылықтар әкелсін.
Ғалымбек Абылайхан, қатардағы жауынгер:
Мен үшін жаңа жыл – жаңа арман, жаңа таныстықтың алғышарты іспетті. Өйткені, мен биылғы жаңа жылымды еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарбаздар арасында қарсы аламын.
Қаруластарымның бірі — Ақтөбе облысынан келсе, бірі Алматы қаласынан шақыртылған. Әрқайсы да, биылғы жаңа жыл былтырғыдан өзгерек болады деп жүр. Иә, әрине шынымен өзгерек болмақ.
Былтыр мен жаңа жылды ата-анамның арасында қарсы алып, он екіден кейін жора-жолдастарыммен уақыт өткіздім. Жалпы, біздің әулетте жаңа жыл уағында туыс-туғанға сыйлық ұсыну бұрнағыдан келе жатқан дәстүр. Мен жанұядағы осы бір салтты сарбаздар арасында ұйымдастырғым келеді. Асып-тасып жатқан түгіміз жоқ, барлығы көңілде деп қана ойлаймын. Жақсы сөз жарым ырыс дейді. Жаңа жылдағы жылы лебіздің өзі қатаң тәртіппен құрсаулы жауынгердің жүрегін бордай езіп жіберетіні сөзсіз.
Иә, бұл менің ғана жоспарым. Өзге өңірден келген отан қорғаушылардың не ойлағаны белгісіз. Барлығымыз да тосыннан қуантқымыз келеді. Иә, жауынгерлік қызметтегі жаңа жыл сонысымен де ерекше, бәлкім.
Ал, елімізде әрқашан тұрақтылық және мызғымас тату тәтті бірлігіміздің баянды болғанын қалаймын. өмір тілеймін. Бейбіт аспанымызда атылған оқтың дауысы тек қана оқу жаттығу алаңдарынан ғана естілсін. Еліміздің жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша қазақ еліне бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылық тілеймін.
Дүйсенбай Моратхан, қатардағы жауынгер
Мен үшін жаңа жыл тек жыл бастауы ғана дегенмен күнтізбенің алғашқы бетін албырт шақтағы аңдамай басқан қадамдарды қайталамай, тура жолмен адымдау басты мақсатым. Әскер қатарында, әсіресе, физикалық дайындығымды жоғары деңгейде көрсеткім келеді. Белтемірге тартылу және жақын қашықтыққа жүгіру көрсеткішімнің арта түсуі жолында күні-түні қажымай дайындалуға әзірмін. Иә, әскер сапында таңның атысы мен кештің батысы қас қағым сәтте өте шығады.
Сондықтан, мен үшін уақытпен санасу маңызды. Әрине, әскерде сен үшін күнделікті өмір сүрудің өзіндік тәртібі белгілі бір кесте сай жазылып қойған. Дегенмен, бос уақытымды тиімді һәм ұтымды пайдалана білуде барымды салмақпын. Әрине, «еріншектің ертеңі бітпес» дейді. Мен осы жылы, мейлі, мойынұсынып өтемін. Алайда, жаңа жыл мен үшін өзгеретін жыл болмақ. Тұтас түсетін жыланның түлеген терісіндей келер жылан жылына толықтай жаңаша сана сезіммен, жаңаша ұстаныммен бармақпын.
Сіздерге де келер жылда, келер күнде келелі істерге көшіңіздер деп кеңес беремін.
Жаңа жыл жаңа бақыт әкелсін. Алайда, Отан алдындағы парызымызды абыройлы өткеру – мен үшін, біздің әулет үшін де үлкен мәртебе деп санаймын. Ескі жыл — мұңның, өкпе-наздың барлығын артқа тастап, қиындық атаулыны өзімен бірге ала кетсін. Жаңа жыл жетістіктерге, әсерлі сәттер мен қуанышқа толы болсын.
Әзірлеген Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы
Источник: qazaq.asia